Бүгінгі қоғамның тіршілік бүлкілін жастардың көзімен қарап көрсек, көп дүниеге жаңаша бойлай алатынымызды сезіп қаламыз. Тіпті түрлі салада жетістіктерге жеткен қазақ жастарының қатары көп. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына үлес қосқан азаматтардың бірі – Асқар Белекбаев.
Саяхаттау арқылы ақпарат жинап, дамыған елдерден тәжірибе жинақтап, өзінің саласын дамыту мақсатында маркетинг саласында оқығаны мен тоқығаны мол Асқар Елгелдіұлымен мамандыққа баулудың ерекшелігі жайлы, ғұмыр бойы оқу мен ізденудің жаңа заман талабына үйлесуі туралы, сонымен қатар еліміздің экономикасы мен жаңа технологиялар туралы пікір алмасып, әңгімелескен едік.
Қазақстанның қарқынды даму үрдісін мұнай-газ саласының үлесінсіз елестету мүмкін емес, – дейді Асқар Белекбаев. Десек те болашақта ел экономикасының негізгі қозғаушы күші ретінде мұнай-газ саласы екінші, үшінші сатыға төмендеп, жаңа технологияларға жол береді деп ойлаймын. Өйткені, бүгінде экономиканың дамуына жоғары кәсібилік пен техникалық дағдылар қажет. Қазақстандықтардың үйлеріндегі жылу мен жайлылық, көптеген кәсіпорындар мен өндірістердің қызметі белсенді түрде цифрландырылып барады. Заман инновациялық технологияларды енгізуді талап етіп жатыр. Сондықтан Қазақстанда қазіргі заманғы технологияларды білетін жаңа талапты мамандардың қатары көбейгені жөн.
Асқар Елгелдіұлының айтуынша, болашақта әлемдегі мұнай-газ саласындағы өндірістік процестермен қоса, түрлі салалар айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Беті кірленген дулығадағы мұнайшының бейнесі тарихқа айналады. 10-15 жылдан кейін мұнай өндіру үшін шалғай даладағы вахталық ауылда тұрудың қажеті болмайды. Кен орындары қаңырап бос қалады. Жұмыстың көп бөлігін қалада басқаруға болатын машиналар немесе оларға енгізілген басқару бағдарламасы бар роботтар орындайды. Кәсіпорындардың, өндіріс процестерінің цифрлық модельдерін құрастыратын IT-маман болады.
Өнім шығару, өңдеу жұмыстарының дамуы халық пен тауар өндірушілердің алтын көпірі болған маркетингтердің көмегінсіз жүзеге асуы неғайбыл. Өйткені, экономиканың қозғаушы саласы – маркетинг. Маркетинг – шаруашылық шешімдерді қабылдау үшін нарықта орын алып жатқан үрдістерді мұқият есепке алуды қарастыратын капиталистік кәсіпорынды басқару жүйелерінің бірі. Маркетинг мақсаты – өндірістің қоғамдық сұранысқа, нарық талаптарына сәйкес болуы үшін жағдай жасау, нарықты зерттеу, өнім өткізуді қарқындату, тауарлардың бәсекелестік қасиетін жоғарылату бойынша ұйымдастырушылық – техникалық шаралар жүйесін құрастыру. Яғни жалпы маркетингтің негізгі қызметтері: сұранысты, баға қалыптастыру мәселелерін, жарнама мен өткізуді ынталандыруды зерттеу, тауар ассортиментін, өткізу мен саудалық операцияларды жоспарлау, тауарларды сақтау, тасымалдау, сауда-коммерциялық персоналды басқару, тұтынушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша қызмет болып табылады. Қазіргі таңда бұл сала Қазақстанда жылдам дамып келеді, — деген Асқар мырза аталмыш саланы меңгеруді студент кезінен бастағанын айтады.
Ол ең алғаш еңбек жолын «Japan Tobacco International (JTI)» деген әлемнің 120 елінде бар халықаралық компаниядан бастаған екен. Оның компанияда еңбек ете жүріп маркетинг, қаржы, сату-сатып алу сынды бизнестің қайнар көздерін меңгеріп, компанияға табыс әкелуші маман ретінде резюмесі қалыптасады. Аталмыш компанияда халық тұтынатын тауарларды сату механизмдерін негіздеп, өркендеу жолдарын қарастырып, мекеменің қаржылық табысқа жетуіне мұрындық болады.
Қалалар мен ауыл-селолардағы сауда нүктелерін 220-дан 610-ға дейін ұлғайтып, көптеген адамдарды жұмыспен қамтуға жол аштым. Осылайша JTI маркаларын елімізде тану жағдайы артты, компанияның танымалдығы үш есе ұлғайды. Күні-түні еткен еңбегімнің өтеуі болар, компания әкімшілігі Шымкент қаласымен қоса Байқоңыр қаласы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша «Көтерме және қосалқы дистрибьюцияны дамыту жөніндегі аумақтық сату маманы» деген лауазымды ұсынды. Сеніп тапсырған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, өз идеяларымды енгізе отырып аталған аймақта сату көлемін 28 пайызға, клиенттік базаны 25 пайызға ұлғайтып, компанияның басшылығының тарапынан алғыс арқаладым, – дейді Асқар Елгелдіұлы.
Ол «Japan Tobacco International» компаниясында елеулі еңбек ете жүріп «Mevius сату» конкурсының бас жүлдесіне ие болады. Ресей еліне Санкт-Петербург қаласына ерекше қабілетті адам ретінде тәжіриебе алмасу марапатын алады. Сонымен қатар «LD Real Champions» байқауының қорытындысы негізінде Қазақстан бойынша 1 орынды иеленеді.
Асқардың мұндай жетістіктерінен хабардар болған кейбір компаниялар оны өздеріне жұмысқа шақыра бастайды. 2017 жылы Астана қаласындағы «Eurofloor Company» компаниясынан ұсыныс түседі. Бұл ұсынысты қабылдаған ол бұл компанияда да өз біліктілігін сынап көреді. Компания халық тұтынатын тауарларды, яғни құрылыс материалдарын сатумен, жөндеу, жобалау жұмыстарымен айналысады екен. Асқар мырза директордың сату жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалып, біраз жыл еңбек етеді. Ол компанияда жұмыс істеп жүріп клиенттік база 50-ден 142-ге дейін арттырады. Ондаған адамға жұмыс беріп, бір апта ішінде миллиондаған қаржы компанияға табыс әкеледі.
Одан кейін Шымкент қаласындағы «Pharmprovide» компаниясына ауысып, медицина, фармацевтика саласында тәжірибе жинайды. «Автогаз Трейд» мекемесіне шақырту алғанша «Pharmprovide» компаниясында жемісті еңбек етіп, тағы бір белесті бағындырады.
«Автогаз Трейд» GASENERGY премиум автожанармай құю станцияларының желісі мекемесінде еңбек етіп жүріп командасымен бірге сату көлемін 20 пайызға ұлғайтып 2 автожанармай құю станциясын, 13 автомобиль газын толтыру станциясын ашып, 81 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
— Асқар мырза, еңбек жолыңызға қарасақ, бір бағытта түрлі саланы дамыту үшін тер төгіп, еңбек еткен екенсіз. Бизнестен, экономикадан, жаңа технологиялардан хабарыңыз бар адам ретінде айтып беріңізші, мұнайсыз болашақтың әйтеуір бір келері анық. Ол кезде біздің мұнайға байланған экономикамыздың жай-күйі не болады?
Мұнайсыз болашаққа қатысты дүниежүзі сарапшыларының әртүрлі болжамдары бар. Мұнай – шарықтау шегінен өтіп кеткен ресурс, осылай деп нақты болжап айтып отырған мамандар бар. Себебі қазір «Tesla» электромобильдер шығарып жатыр. Мұнай дәуірі мұнайдың таусылуына байланысты аяқталмауы мүмкін. Мұнай бола береді, ал энергия ресурстары басқа көзге ауысады. Болашақта технологияның дамуына байланысты мұнайға тәуелді барыс-келіс, қажеттіліктер азая береді деп ойлаймын. Сондықтан да еліміздің экономикасын әртараптандыру маңызды. Мемлекетіміз осыған байланысты түрлі шаралар жасап жатқанына хабарым бар. Солардың бірі – «жасыл» экономика.
– Кейінгі жылдары, әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін талай мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік саясаты өзгере бастады. Қазақстан бизнесі мен жеке секторлары қай бағытқа бет бұра бастады?
Пандемиядан кейін қарапайым жұмыс, оқуға деген ұстаным, көзқарас өзгерді. Цифрлы әлемнің қажеттілігі орасан екенін сол пандемияда сезілді. Себебі пандемияға дейін дамыған елдерде ғана өзекті болған онлайн-әлем пандемия кезінде күллі дүниежүзінде толық салтанат құруға көшті. Цифрлы технология кейбір салаларға түбегейі өзгерістер енгізгеніне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан біз де өз саламызда цифрландыру, жаңа технологияларға бейімдеу жұмыстарын қолға алып, осыған байланысты тың жобалармен айналысып жатырмыз.
– Өзіңіз жұмыс істеп жүрген салаңызда маманның көптілді болу маңызды. Айтыңызшы, жұмыс тәжірибеңізде түрлі тілдік қажеттіліктер болды ма?
Мен өзім бірнеше тілді еркін меңгерген адаммын, сондықтан жұмыста тілдік қиындықтар ешқашан болған емес. Отандық және шетелдік компанияларда ағылшын тілін білу маңызды, сонымен бірге орыс тіліне де сұраныстар бар. Тілді жақсы меңгерген сайын адамның жалақысы жоғары жұмысқа тұру мүмкіндігі де ұлғаяды. Мұны мойындауымыз керек, қанша қиын болса да. Ал мемлекеттік тілге қатысты айтар болсақ, оның іскерлік салада аясы кеңуіне мемлекет те, халық та мүдделі болуға тиіс деп ойлаймын.
Қазір дүниежүзі бойынша кез келген бизнес саласында маманға қойылатын тілден кейінгі талап – коммуникацияны белгілі бір деңгейде меңгеру қабілетілігі. Қазіргі жаһанданудың бір шарты – интернет желілері арқылы әлем халықтары жылдам қоғамдасуы. Бұның өзі адамдардың ыңғайлы өмір салтына бейімделуіне тездетті. Ал ол ыңғайлы өмірді орнатуға кей адамдардың экономикалық әлеуеті жете ме, жетпей ме деген сұрақ туындатты. Экономикалық дамудың басты шарты – Unlimited wants, яғни қазақша айтқанда, адамның тауарларды, игіліктерді, қызметтерді шексіз тұтынуға құмарлығы. Оны үнемі толтырып, жеткізіп отыруға біз секілді мамандардың бейімделе әрі жылдам еңбек етуіне тікелей байланысты. Сондықтан жұмыс барысында барлық әлеуметтік топтармен етене жақындап, тиянақты да сенімді еңбек ете білсең, талай биік асуларды бағындырып, көптеген жетістіктерге жете аласың деген ойдамын.
Қазақтың әрбір азаматы елінің дамуына жан-жақты атсалысса деймін. Шетелден алған білімімен, біліктілігімен, алған тәжірибесімен жұмыста бөліссе, онда өзі ғана емес, көптеген адамдардың бабы келіп, бағы ашылар еді. Қазақта «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген нақыл сөз бар. Әрбіріміз осынау ұлы қағидамен өмір сүрсек, адам өзін ғана емес, өзгелердің қуанышы үшін еңбек етсек, мемлекетіміз дамыған елдердің қатарына қосылады деген сенімдемін.
Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Кенже ЖАНБУРШИНА