Мемлекеттік шекарадағы 9 өткізу бекетін жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінді

Биыл мемлекеттік шекарадағы тоғыз өткізу бекетін жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, еліміздің мемлекеттік шекарасында 52 өткізу пункті бар. Оның ішінде:

  • ЕАЭО-ның Қытай Халық Республикасымен (5), Өзбекстанмен (8) және Түрікменстанмен (1) сыртқы шекарасындағы 14 өткізу пункті.
  • ЕАЭО-ның ішкі шекарасында, Ресей Федерациясымен (30) және Қырғыз Республикасымен (8) 38 өткізу пункті.

Жалпы, ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерін қайта құрумен қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті айналысады.

Министрліктің мәліметінше, транзиттік әлеуеттің ұлғаюына байланысты қолданыстағы өткізу пункттері адамдар мен көлік ағынын жылдам өткізе алмай отыр. Сондықтан пункттерде кептелістер орын алып жатады.

Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша өткізу пункттерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы бірінші кезектегі тоғыз өткізу пунктін реконструкциялауға шамамен 15,4 миллиард теңге бөлінді. Жұмыстарды орындау және құнын айқындау жөніндегі жобалау құжаттамасының әзірленіп, бекітілуіне қарай республикалық бюджеттен қажетті сома қарастырылатын болады, — деді көлік министрлігінен.