Басты бетҚоғамАстанада «Қажымұқан...

Астанада «Қажымұқан жолы – student cup» өтті

Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Қажымұқан жолы – student cup» көпсайысы өтті. Бұған дейін Қазақстанның әр аймағында ұқсас атаумен өткізіліп жүрген турнир биыл бірінші рет студенттер кубогы түрінде өткізілді. Бүгін елорданың 11 жоғары оқу орнының студенттері өзара тартысты. Сайдың тасындай іріктелген қатысушылар бес турдан тұратын турнирде кешегі Қажымұқанның бүгінгі жалғасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Спорттық ісшараны өткізуге бастамашы болған — ҚазақстанСпортшылар одағы мен Туризм және спорт министрлігінің амбассадоры, Гиннес рекордтар кітабының рекордшысы, қазақстандық палуан Сергей Цырульников. Турнирдің өтуіне қолдау білдірген — Астана қаласының әкімдігі. Бұл жарыс ұлттық спортты насихаттап, жастардың халқымыздың тарихына тереңірек үңіліп, қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.  Турнирдің атақты қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне аталуы да бекер емес. Ұлттық күрес мектебін күллі әлемге танытқан, аты аңызға айналған палуан — бүгінгі жастарға үлгі, нағыз role model.

«Бұл жобаның басты мақсаты — қазақ халқының ұлттық спортын дамытуға үлес қосып, насихаттау. Соның ішінде Қажымұқандай алып күш иесінің тұлғасын үлгі қылып көрсеткіміз келеді. Палуанның бала кезінен бастап, әлемге әйгілі болған шағына дейінгі кезеңдерді алып қарасақ, қаншамаөнеге жатыр. Сол арқылы өскелең ұрпаққа мәдени тәрбие беруді көздеп отырмыз. Бұл — біздің бірінші кезектегі мақсатымыз. Одан соң, әрине, спорттың маңызын түсіндіру. Өзім 2014 жылдан бері «Қажымұқан жолы» деген атаумен еліміздің барлық облысында турнир ұйымдастырып келдім. Осы күнге дейін 27 рет өткізіп, дәстүрге айналдырдық. Бұрынғы батыр бабалардың ізін жалғайтын жастарды тәрбиелесек дейміз. Олардың спортпен шұғылданып қана қоймай, тарихын білуі де маңызды»дейді рекордшы Сергей Цырульников.

«Биыл «Қажымұқан жолы» бірінші рет студенттер кубогы ретінде өткізіліп отыр. Астананың барлық университі арасында іріктеу болды. Сөйтіп ең мықтылары таңдалып, сайысқа түседі. Студенттер арасында өткізу идеясын Қазақстан спортшылары одағының төрағасы Азамат Қайратұлы мен Сергей Цырульник бірлесіп ұсынған. Бүгін жалпы саны 11 жоғары оқу орнынан 22 студент қатысады. Бір командада — екі адамнан. Жарыс бес турдан тұрады. Біріншісінде командадағы екеу кезеккезек 60 келі қапты көтереді. Екінші турда темір сымды статикалық ұстап тұрудан сайысқа түседі. Үшінші кезеңде темір арматураны (14 мм * 60 см) майыстырады. Одан соң 80 келі қапты лақтырып сайысады. Соңғы турда арқан тартыс болады. Бұл турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп отырсақ деген ой бар» дейді турнир төрешісі, Қазақстан спортшылары одағының өкілі Нариман Секенмен.

Жарыста Олимпиада жүлдегерлері төбе көрсетіп, жас спортшыларға қолдау білдірді. Олардың қатарында белгілі боксшы, бүгінде Ұлттық олимпиада комитетінің параолимпиадалық спорт түрлері бойынша вицепрезиденті қызметін атқарып жүрген Серік Сәпиев, ауыр атлет Илья Ильин, боксшы Болат Жұмаділов, шорттректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжіғалиевтер бар. Көпке үлгі болып жүрген аға буын қатысушыларға сәттілік тілеп, сөз сөйледі. Университетінің намысын қорғап келген спортшыларды курстас, достары да қолдап келді. Әр спортшы шыққан сайын жанкүйерлер ду қол шапалақ соғып, дем беріп отырды.

Бес турдың нәтижесінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері Станислав Слободян мен Илья Субботин жеңімпаз атанды. Оларға чемпион белдігі мен 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Екінші орын мен 100 мың теңге сертификатын AIU студенттері Мәди Болатбек пен Асылбек Төлепбай иеленді. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының студенттері Едіге Емберді мен Олжас Ағабекке үшінші орын мен 50 мың теңге табысталды. Одан кейінгі орындарға Қазақ Технология және бизнес университеті, MNU, Медициналық университет, Тұран университеті, Astana IT, ЕҰУ, NU және ЕСУ студенттері жайғасты.