Алматы жолдарын жөндеуге 7 млрд теңге бөлінді

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, биыл 120 шақырымнан астам жол орташа жөнделіп, 85 мың шаршы метр тротуар мен 130 бекет алаңдары салынады. Жол-жөндеу жұмыстарына 7 млрд теңге, оның ішінде кезекті жөндеуге 1 млрд теңге, тротуарлар мен бекетті нүктелерді ретке келтіруге 500 млн. теңге, орташа жөндеуге 5,5 млрд. теңге бөлінген.

«Бірінші кезекте ұзындығы 37 шақырым болатын 34 көшеге, сонымен қатар, 12 магистральды көшелер мен 23 аудандық маңызы бар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап өтерлік жайт, ұзындығы 31 шақырым болатын 19 көшеге де орташа жөндеу жүргізудің сметалық құжаттары жасалды. Қала көшелеріндегі ақауларды тауып, әрі жөндеу үшін 4 мердігерлік ұйым мен 12 бригада жұмыс істеп жатыр. Осы аптаның ішінде бұлардың саны 28-ге  артатын болады», — деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.

Басқарма басшысының айтуынша, Сайын көшесінен Жандосов көшесінің бойымен Таусамалы поселкесіне дейін күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатыр. Жөнделетін аумақтың жалпы ұзындығы — 2,8 шақырым. Жоба құны — 1 134,0 миллион теңге. Жөндеу жұмыстары барысында жолдың көлік қозғалысы бөлігі 4 жолаққа дейін кеңейеді, Қарғалы өзенінің бойындағы көпір қайта жасалады, веложолдар мен тротуарлар салынады.

Айта кетейік, жолдарды жөндеу жұмыстарында заманауи техника пайдаланылады. Асфальт төсейтін жаңа машина 8 тонна асфальт дайындап, оның температурасын 180 градуста сақтай алады.  Бұл техниканың ерекшелігі ол қыс кезінде де жолдарды жөндей береді. Бұл техника  Қазақстанда біреу ғана. Болашақта  осындай бірнеше техника сатып алу жоспарлануда.

ДереккөзInform.kz