Ақпан айында Ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні аталып өтті. Осы мерекеде әйелдер мен қыздардың ғылыми саладағы рөлі айқындалып, жұрт ескермейтін еңбектің маңызы талқыланды. Желіде «Әйел ғалымдардың басты проблемасы – матильда эффектісі» деген пікірлер де жазылды.
Baribar.kz «Матильда эффектісі деген не?» «Қазақстанда қанша ғалым әйел бар?» деген сауалға жауап іздеп, ғылыми еңбегі дұрыс бағаланбаған әйелдерге тоқталды.
Матильда эффектісі деген не?
Матильда эффектісі – әйелдердің ғылымға қосқан үлесі мен пайдасын елемеу, әйелдердің ойлап шығарған ғылыми жаңалығын ерлердің иеленуі. Матильда эффектісі туралы ең бірінші рет Матильда Гейдж «Әйел өнертапқыш ретінде» деген очеркінде жазған.
Бұл очеркте ғылыми салада зерттеу жүргізіп, нәтижеге қол жеткізген әйелдер туралы жазылған. Ол еңбекте әйелдер ойлап тапқан өнертабыстарға да тоқталған. Әйел құқығын қорғап, ғылымның дамуына қыздардың үлесі көп екенін жеткізіп жүрсе де Матильда Гейдждің еңбегі еленбеді. Ол жазған кітапты ешкім мойындамады. Осы жағдайға байланысты әйелдердің ғылымда ескерілмеуі «Матильда эффектісі» деп аталды.
Ғылымдағы әйелдердің ескерілмеуін «Матильда эффектісі» деп атап, терминді енгізген алғашқы адам – Маргарет Росситер. Ол «Матильда эффектісі» терминін 1993 жылы енгізді. Маргарет Росситердің ойынша, бұл атау ғылыми қоғамдастықтағы әйелдердің еленбеуін, әйел жасаған ғылыми еңбектің ер адамға жазылуын тамаша сипаттайды.
Матильда эффектісіне тап болған әйелдер
Мария Склодовская-Кюри
Тарихта шеттетуге ұшыраған ғалым әйелдер мен қыздар жетерлік. Мысалы, ғалым, физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел Мария Склодовская-Кюри ешқашан Франция ғылым академиясына қабылданбаған.
Тротула Салернская
Тротула Салернская – италиялық дәрігер әйел. Ол әйел денсаулығы туралы еңбектер жазған. Тротула Салернская қайтыс болғанда еңбектердің авторы ретінде көрсетілмеді. Әйелдің еңбегі күйеуі мен ұлының атына жазылып, есімі ұмытылып кетті.
Нетти Стивенс
Нетти Стивенс – америкалық генетик ғалым. Ол ер мен әйелдегі хромосомалар айырмашылығын зерттеді. Нетти Стивенстің Нобель сыйлығын Томас Морган иеленді. Басты себеп – Нетти Стивенс Томас Морганның зертханасында жұмыс істеген.
Элис Болл
Лепрa – созылмалы түрде теріні, шырышты қабаттарды, шеткі нерв жүйесін және ішкі ағзаларды зақымдаумен жүретін, ұзақ инкубациялық кезеңі бар инфекция. Бұл инфекцияны қазақ халқы «Алапес» деп атайды. Элисс Болл осы ауруға қарсы ем ойлап табу үшін түрлі талпыныс жасайды. Ол 1916 жылы қайтыс болды. Бұл уақытта Элис Болл алапеске қарсы тұратын емді жасап жатқан еді. Химик Артур Дин Элистің ісін жалғастыруға шешім қабылдап, емді жасап шығарады. Ол зерттеу нәтижелері мен жетістіктердің барлығын өз атына жазғызды.
Сидони Колетт
Матильда эффектісі ғылымға қатысты термин болса да, өнерде көп байқалады. Өнер тарихында да авторлықтың ер адамға жазылуы, әйелдердің еңбегін өнер ретінде санамау сияқты жағдайлар болды. Мысалы, жазушы Сидони Колетт өз шығармаларын күйеуінің атынан жариялауға мәжбүр болған.
Қазақстандағы ғалым әйелдер
Қазақстанда 22 456 ғалым бар, оның — 9 691-і әйелдер. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Қазақстанда 22 456 ғалым бар, оның 9 691-і — әйелдер қауымы. Бұл – әлбетте үлкен жетістік. Тарихымызға зер салар болсақ, қаншама ғалым әйел-аналар ел тарихына, ұлт мүддесіне қызмет еткенін аңғару қиын емес, – деді министр.
Министр әйелдердің адамзат алдындағы жауапкершілігі жоғары екеніне тоқталып, әйелдер қауымына әлем қарыздар екенін де жеткізді.