Денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында италиялық компаниямен келісімшарт жасалды

Бүгін Алматыға GKSD ProCure италиялық компаниясының директоры Александро Кикарелли келді. Ол қазақстандық медициналық мекеме өкілдерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше жобаны қолдауға ықылас білдірді.

GKSD ProCure 2022 жылы ұлттық және халықаралық негізде медициналық мекемелерді қолдау үшін құрылған GKSD холдингіне тиесілі.

Италиялық инвестордың Қазақстанға келуінің баста себебі — жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми жұмыс сапарымен барғаны. Бұл кездесу барысында мемлекет басшылары Римдегі 30 компания өкіліне Қазақстанның дамуына инвестиция құюды ұсынды.

GKSD ProCure компаниясының топ-менеджері Александро Кикарелли 26 ақпанда Алматыға осы ұсыныс бойынша келді. Ол Қазақстандағы ауруханаларға медициналық құрал-жабдық жеткізуші компаниямен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында екі тарап бірігіп хирургиялық тігіс материалдарын өндіретін және заманауи медициналық құрал-жабдық жеткізуші кәсіпорын ашу идеясын талқылады.

Сонымен қатар кездесу аясында италиялық компания өкілі Қазақстанның емханаларына заманауи медициналық техника тасымалдауға дайын екенін айтты.

Кездесуде екі тарап дилерлік келісімшартқа және хирургиялық тігіс материалдарын өндіру туралы келісімшартқа, сонымен қатар заманауи медициналық техниканы жеткізу туралы меморандумға қол қойды.