Цифрлық технология дамыған уақытта интернет-қолданушыларға алаяқтардың фишиң, алдын ала төлем жасау, заңсыз жұмыс сияқты айласы қауіп төндіріп отыр. Фишиң онлайн ортадағы сенімді азайтады, алаяқтарға алдын ала төлем жасағандар ақшасынан айырылады. Ал виртуал әлемдегі заңсыз қызмет жұмыс іздеп жүргендерді де, жұмыс беретін азаматтарды да қиын жағдайға қалдырып отыр. Осыған байланысты OLX алаяқтардан қорғану үшін өзінің бірнеше кеңесін ұсынды.

«Үстелім де, ақшам да жоқ»: алдын ала төлем жасағанның қаупі

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қамаш апа — қызметі немесе тауары үшін алдын ала төлем сұрап, кейін ақшаны қалтасына басып, ғайып болатын алаяқтардың құрбаны. Мұндай алаяқтықтың түрі кеңінен тараған. Олар адамдардан толық немесе жартылай төлем сұрайды, бірақ соңында тауарды да, ақшаны да бермейді немесе тауардың сапасыз түрін кешіктіріп әкеліп жатады. Дегенмен қазір шын, адал саудагерлер де алдын ала төлем сұрауы мүмкін. Сатушы мен алаяқтың аражігін ажырату үшін OLX қырағы болуға кеңес береді:

Біріншіден, сатушының дүкені туралы ақпарат іздеңіз. Оның нарықта қашаннан бері істейтінін, қаншалық сенімді дүкен екеніне мән беріңіз.

Екіншіден, адамдардың пікірін оқып шығыңыз. Интернетте бұл дүкенге немесе оның тауарларына қатысты қандай пікірлер бар екенін қарап шығыңыз. Тіпті, таныстарыңыздан оффлайн да сұрастырып көріңіз.

Үшіншіден, дәл осы тауар нарықта қаншаға сатылып жатқанын зерттеңіз. Тауарды нарықтағы бағадан өте арзанға сатып жатса, күмәндануға болады. Себебі алаяқтар төмен баға айтып, адамдарды өз құрығына түсіруге тырысады.

Төртіншіден, сатушыдан тауарды жан-жағынан суретке түсіріп жіберуін сұраңыз.

Бесіншіден, сатушы кейпіндегі алаяқтар сізді тауарды тездетіп алуға асықтыруы мүмкін. Ол затқа сұраныстың көп екенін айтып, сізге тез шешім қабылдаңыз деуі мүмкін. Қанша асықтырса да, дүкен мен тауарға толық сенімді болған соң ғана алдын ала төлем жасаңыз. Тіпті тауар қолыңызға тиген соң ғана ақысын төлегеніңіз абзал.

Алтыншыдан, басқа қалада орналасқан дүкеннен тауарға тапсырыс берсеңіз, алдын ала төлемді ресми жолдар арқылы жіберіңіз.

«Картамдағы ақшаны шешіп алды»: фишиңтің тұзағына қалай түсіп қалмау керек?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Аружан — фишиңнің құрбаны. Фишиң — кибералаяқтық түрі. Мұнда алаяқтар адамның логині, құпиясөзі, банк картасының нөмірі сияқты жеке дерегін алуды мақсат етеді. Әдетте олар адамды сендіру үшін өзін банк, пошта, интернет-дүкен сияқты ұйымның өкілі немесе жеке тұлға етіп көрсетіп, фейк уеб-сайттарын, пошталарын жібереді. Адамдар ол уеб-сайтқа, поштаға өзінің дерегін терген сәтте, алаяқтар олардың мәліметіне ие болады. Кейін алаяқтар ол адамның картасындағы ақшаны шығарып алуы мүмкін немесе оның жеке мәліметі арқылы несие алуы мүмкін.

Фишиң құрбаны болмас үшін:

Біріншіден, электрон поштаға келген хаттарды ашқанда абай болыңыз. Хат жолдаған адамның адресін, оның хатындағы мәтінді мұқият тексеріңіз.

Екіншіден, құпиясөз, банк картаңыздың нөмірі сияқты жеке мәліметтеріңізді хат арқылы жолдамаңыз. Тіпті, банк қызметкерлері де хабарласып, мұндай ақпаратты сұрамайды.

Үшіншіден, сізге жіберген сілтемелердің URL-адресін жіті тексеріңіз. Сілтемені баспай тұрып, оның қаншалық шынайы екеніне мән беріңіз. Мәселен, Аружанға алаяқтар Қазпоштаның сілтемесін жіберген. Аружан сияқты алданып қалмас үшін интернетке «Қазпошта» деп жазып, бұл ұйымның ресми сайтын тауып алуға болады. Кейін оны сізге жіберген сілтемемен салыстыру керек. Мұндай сілтемелерді өте мұқият тексеру керек, себебі шынайы сайт пен фейк түрінің айырмашылығы тек бір әріп қана болуы мүмкін.

Төртіншіден, фишиң құрбаны болсаңыз, бірден құпиясөзіңізді ауыстырыңыз. Банк бөлімшесіне барып, арыз жазып, банк картаңызды бұғаттап, жаңасын алыңыз. Себебі алаяқтар біраз уақыт өткен соң да сіздің картаңыз арқылы айласын іске асыруға тырысуы мүмкін.

Жұмыстың заңсыз әрі күмәнді екенін қалай білеміз?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Бекарыс жұмыс беремін деп, атынан несие алатын алаяқтардың айласына түсіп қалған болса керек. Қазіргі таңда мұндай алаяқтықтың да түрі көп: қаржы пирамидасы, заңсыз тауарларды сату және тағы басқа. Мұндай алаяқтар алдын ала қаражат сұрап қана қоймай, сізге заңсыз заттарды тасымалдатуы да мүмкін. Заңсыз әрі жалған бос жұмыс орнын ұсынғандарға жолықпас үшін OLX мамандары мына кеңестерді ұсынады:

Біріншіден, кез келген жұмыс орнының, компанияның, басшының жаңа қызметкеріне қоятын талабы болады. Сенімді жұмыс беруші вакансияға барлық талабын жазып қояды: өзіне қажет қызметкердің жасын, жынысын, қызметін, қанша тіл меңгеруі керек екенін, қандай қосымша қабілеті болуы керек екенін, қанша айлық төлейтінін, қанша күн жұмыс істейтінін және тағы басқа. Оған қоса ұйымы туралы да ақпарат береді. Сол себепті жұмыс іздеп жүрген алаяқтарға ұрынып қалмас үшін вакансияның қаншалық дұрыс жазылғанына мән берген абзал. Бұл сақтық үшін қажет.

Екіншіден, жұмысқа орналастырғаны үшін жарна ретінде немесе белгілі тауар үшін алдын ала төлем сұраса, абай болған жөн. Себебі ешбір жұмыс беруші қызметкерінен алдын ала ақша алмайды. Сіз қызметіңіз үшін қаржы бермейсіз, керісінше алуыңыз қажет екенін ұмытпаңыз. Бұл алаяқтар болуы әбден мүмкін.

Үшіншіден, кейінгі кездері бос жұмыс орындарының тізімін беретін «жұмыспен қамту орталықтары» пайда болған. Олар ақысын төлесеңіз, жұмыс тауып береміз деп уәде береді-міс. Мұндай агенттіктерге сенбеген жөн. Бос жұмыс орын тізімін іздесеңіз, мемлекеттік жұмыспен қамту орталығына хабарласуыңызға болады. Олар сізге теп-тегін көмектеседі.

Төртіншіден, талабы мен беретін айлығы да ұнап тұрған бос жұмыс орнын таптыңыз делік. Алайда сізден ақылы телефон нөміріне хабарласуды өтінуі мүмкін. Ескеріңіз, бұл да — алаяқтықтың бір түрі. Алғашқы 12 секундта тұтқаны қоймасаңыз, олардың шартына өз еркіңізбен келіскен болып саналасыз.

Қорытындыласақ, материалда көп таралған негізгі үш алаяқтық түрін айттық. Бірақ бұдан да басқа көптеген түрі бар екенін ұмытпаңыз. Оның бәрінен қорғанудың жолы — сақ болу, әр хабарламаға, хатқа, сілтемеге жіті мән беру және жеке деректерді бермеу.