Қазақстандық боксшыларда олимпиаданың жеті жолдамасы бар. Алдағы уақытта тағы бір іріктеу жарысы күтіп тұр.
Бұл туралы ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен бокс турнирінде қазақстандық спортшылар тағы бес жолдама ұтып алды. Олар:
- Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін);
- Махмұд Сабырхан (57 келіге дейін);
- Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін);
- Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін);
- Айбек Оралбай (92 келіге дейін).
Бұған дейін Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) және Карина Ибрагимова (57 келіге дейін) олимпиада жолдамасына ие болған. Осылайша, қазіргі кезде боксшылар құрмасында жеті жолдама бар. Ерлер құрамасына 63,5 келіге дейінгі салмақ бойынша бір жолдама керек. Италияда осы салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы өнер көрсеткен. Бірақ шешуші раундқа дейін жете алмады.
Олимпиадаға дейін Тайландта 23 мамыр мен 5 маусым аралығында тағы бір лиценциялық турнир өтеді. Сол жерде жетіспей тұрған жолдамаларды ұтып алуға мүмкіндік бар.