«Дежавю» – француз тілінен аударғанда «көріп қойғанмын» дегенді білдіреді. Ол бір оқиғаның бұрынырақта қайталанғаны секілді көрінетін психикалық ахуал.
Қазіргі ғылыми зерттеулер дежавю кезінде адамның миында не болатынын көрсетті. Ондай кезде мидың дәл қазіргі қабылданып жатқан сигнал («бұл қазір болып жатыр») мен ұзақ уақыттық есте сақтау («маған бұл бұрыннан таныс») деген екі бөлігі бірдей іске қосылады. Есте сақтау бұл уақытта өте белсенді жұмыс істеп тұрғандықтан, оның сигналы қазіргі қабылдаудан аздап озады. Сөйтіп, «болашақты білу» сезімі бірнеше секундқа жылдамырақ пайда болады.
Осылайша, ғалымдар «дежавю – естің қателігі» деген тұжырым жасаған. Ал дежавюдің неліктен пайда болатынына ғылымда әзірге жауап жоқ.
Дежавюдің әсері қатты болуы мүмкін. Дежавюдің бірнеше жылдар бойы адам жадында сақталып қалуы да ғажап емес.
Ғылыми зерттеулер бойынша, дені сау адамдардың 97 пайызға жуығы дежавюды бастарынан өткізген. Бұл құбылысты адамдар қолдан жасап, өздігінен болдыра алмайды. Осы себептер дежавюге байланысты ғылыми зерттеулер жасауға қиындық туғызуда.
Қазіргі таңда дежавю тек батыста емес, сонымен қатар, Ресейде де зерттелініп жатыр. Осындай тақырыпта Андрей Курганның «Феномен дежа вю» деген жұмысында толқудың нақты себебі — екі оқиғаның бір-бірінің үстіне қабаттасуы екенін жазады. Бұл қабаттасудың себебі уақыттың өзгеруінде. Яғни болашақтың қазіргі кезбен ауысып кеткені секілді болуы.