Басты бетЖаңалықтарАлматының бүкіл...

Алматының бүкіл қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Алматының барлық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты.

2024 жылғы 4 наурызда сағат 11:22-де Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді. 2024 жылғы 4 наурызда сағат 11.30-да менің басшылығыммен Алматы қаласының төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штабы жұмысын бастады. Барлық инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеді және жұмысын жалғастырып жатыр. Жедел штабтың шешімі бойынша сағат 11.40-та қалада бекітілген 384 қабылдау пункті орналастырылды. Сағат 15.00-ге дейін қабылдау пункттеріне 1 962 адам, оның ішінде 714 бала келді. Сағат 16.00-ден бастап, Жедел штаб хабарламаларынан кейін тұрғындар үйлеріне орала бастады. Сағат 23.00-дағы жағдай бойынша қабылдау пункттерінде 242 тұрғын, оның ішінде 93 бала түнеп қалды. 5 наурызда таңертең барлық тұрғын қабылдау пункттерінен шығып кетті. Мектептер, балабақшалар мен жоғары оқу орындары штаттық режимде жұмыс істейді, — деді қала басшысы.

Оның айтуынша, азаматтарды жинау пункттерінің жұмысын қамтамасыз етуге аудан әкімдіктері мен құтқару қызметі жұмылдырылды.

Келген қала тұрғындары ұйықтайтын керек-жарақтармен, сусынмен және тамақпен қамтамасыз етілді. Барлық қабылдау пункттерінде полиция және төтенше жағдай қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар 4 наурыз сағат 11.24-те метрополитен станцияларында барлық электр жылжымалы құрамдар тоқтатылды. Мамандар тоннельдерді тексеру бойынша жұмыстар жүргізді. Оның барысында метро аумағында зақым тіркелмеді. Сағат 16.30-да Алматы метрополитені өз жұмысын штаттық режимде қайта бастады. 2024 жылғы 4 наурызда сағат 12.30-дағы жағдай бойынша бір зардап шеккен адам қалалық стационарға жеткізілді. Ауруханада оған барлық қажет медициналық және психологиялық көмек көрсетілді, — деді Ерболат Досаев.

Алматы әкімінің айтуынша, бұған дейін төтенше жағдайлар департаменті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты, қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары, аудандық сәулетшілер және басқа да уәкілетті органдар құрамында бұрын құрылған арнайы комиссия сағат 13.00-ден бастап, барлық қоғамдық ғимаратты, сонымен қатар тұрғындардың өтініштері бойынша басқа да объектілерді тексеруді бастады.

Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады.

5 наурыз күні таңертең Алматы қаласындағы жағдай тұрақты, жедел штаб жұмыс істейді, барлық қызметі жұмылдырылып, күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, — деді әкім.