Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетінің 1-курсында оқып жүргенімде сәнгерлер іріктеуінен өтіп, «Next top models» жобасына қатысатын болдым. Моделдік мансабым осы кезден басталды десем болады. Кейін университет бағдарламасы бойынша Польша еліне оқуға аттандық. Сол жақта мені поляктар байқап, фотомодель болып жұмыс істеуіме ұсыныс білдірді. «American next week» журналына менің фотоларым жарияланыпты. Оны кейіннен білдім. Бұлардан бөлек Түркиядағы жобаларға да шақырту алдым. Шетелдегі бір артықшылық: сәнгерлерге ақы жақсы төленеді. Әрі бұл сала өзіме де қатты қызықты. Алматыға қайтып келгеннен кейін де әртүрлі жобаларға қатысып жүрдім.
6-сыныптан бастап әкем бізді кәсіпке баули бастады. Әкем сол кезде Түркістан қаласындағы «006» такси қызметін ашқан болатын. Операторлар — үйдегілер едік (күледі). Қол астымызда 20 көлік болды. Оқушы кезімнен ақша ұстағанды ұнататынмын. Бірде туған күніме фотоаппарат сыйланған еді. Мектепте қыздарды, мерекелік шараларды фотоға түсіріп, оларды сататынмын. Журналдар шықса, олардың көшірмесін жасап, «бизнес» жасайтын едім. Үйдегілер қазір де айтып күледі.
11-сынып бітіргеннен кейін университетке грантқа оқуға түспей қалдым. Қиын болды. Содан колледжге. тапсырып, екі жыл оқыдым. Кейін тағы да бір бағымды сынап, Абылайхан атындағы университетке грантқа түстім. Осы университет арқылы шетелдерге шықтым. Бизнесті бастауды шетелмен салыстыра отырып, ең маңызды дүниелерді байқай бастадым. Түркияға барғанда ондағы киімдер қатты ұнады. Осы елге сапардан кейін, елге киімдер әкеліп сата бастадым. «Оmabelle» сән үйі — қазіргі уақытта қыздарға қажетті киімдер, аксессуарлар, косметологиялық заттар ұсынады. Бұл — менің сүйікті ісім. Шетелге шыққанда байқағаным, қатты «шопоголик» болып кетіппін. Содан осы хоббиді бизнеске айналдыруды мақсат еттім.
Мен таңдап алған киімдерді тұтынушылар да ұнатып жатса, маған үлкен қуаныш (күледі). Осыдан үш жыл бұрын «Адем» сауда орталығынан 20 шаршы метрлік бутикті жалға алдым. 17 жасымнан бастап ақша жинай бастадым. Ең алғашқы капитал осы ақша көзі болды. Бастапқы уақытта киімдер аз болды. Алайда бірінші күннен саудам жүрді. Киімдердің барлығын өзім таңдайтынмын, кейбіреуін арнайы тіктіріп бутикке қойып жүрдім.
Ата-анам әлі күнге дейін кейбірін білсе, кейбірін білмейді. Ақшасыз жүргенді қаламайтынмын. Даяршы, сатушы, кассир болып та жұмыс істеп көргенмін. Университетке оқуға түсе алмағаннан кейін, аздап күйзеліске түстім. Содан өз-өзімді қолға алып, күресе бастадым.
«O, ma belle» француз тілінен аударғанда «О, менің сұлуым» деген мағынаны білдіреді. Көбісі «тегіне байланысты қойған ба?» деп ойлайды екен (күледі). Қазақ, орыс тілдерінен бөлек, полякша, французша, ағылшын тілін білемін.
Қазіргі уақытта «Omabelle» сән үйіне әр сала бойынша өз мамандарын тағайындап қойдым. Меніңше, қосымша қызметкерлерді жұмысқа алуға ақшаны аямау қажет. Себебі маманның аты — маман. Мысалы, құжатпен барлық жұмысты администраторларым атқарады. Сондай-ақ арнайы маркетинг бөліміміз бар. Өзім де маркетолог болып жұмыс істеймін. Маркетологияны модель болып жүріп үйрендім. Қазіргі уақытта кей адамдар келіп көмек сұрап та жатады.
Тондарды Түркия, Гонконг, Грекия, Гуанжоудан алдырамыз. Болашақта өзімнің жеке цехымды ашуды жоспарлап отырмын. Келер жылы мақсатым орындалады деп ойлаймын. Алдымен цех жұмысын киімдерден бастамақпын, ал тондарды уақыт өте қолға аламын. Тондарды тігіп шығу үшін, біріншіден, Қазақстанда лекало жоқ. Екіншіден, арнайы мамандар да тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін уақыт керек. Дегенмен, отандық өнімдерді ұсынатын боламыз.
Тонды қалай таңдау керек?
Барлық елде жақсы әрі жаман өнімдер бар. Оны қалалармен бөлу дұрыс емес. Қытайдікі деп менсінбей қарайтындар көп. Қытайлық сапалы өнімдерді де табуға болады. Сол тәрізді гректің сапалы әрі сапасыз тондарын да кездестіруге болады. Тонды таңдау кезінде, ең бастысы, теріге және астарына назар аудару керек. Қолға ұстап көренде, таза терілердің бірден жұмсақтығы байқалады. Сондай-ақ үріп көру керек. Қатты терілерді қанша үрсеңіз де ашылуы қиын болады. Қолға алғаннан кейін артын, ішін қарау керек. Тігісте дефект байқалмауы тиіс.
Тонды қалай сақтаймыз?
Қазіргі уақытта барлық тұрмыстық техника дүкендерінде тондарды сақтауға арналған тоңазытқыштар сатылады. Оны көбінесе бірнеше тондары бар әйелдер алады. Сондай-ақ тондарды сақтауға арналған қаптамалар да болады. Жеке өз басым сондай қаптамаларды пайдаланамын. Біз тұтынушыларымызға қаптаманы тонмен бірге сыйлыққа береміз. Тондарды күйе көбелегінен үй жағдайында сақтаудың тағы бір жолы бар. Тонды қарапайым целлофон, пакетке салып, ішіне кәдімгі темекіні ұнтақтап себу керек. Бұл да — тиімді тәсілдердің бірі.
Өз-өзімді дамытуға көп көңіл бөлемін. Бизнеске қатысты кітаптар оқимын. Шетелге шыққанда міндетті түрде ақылы, тегін конференциялардан қалмауға тырысамын. Қай елге, қандай мақсатта барсам да, өзіме пайдалы дүниелерді алып қалуға талпынамын. Себебі адам өзін дамытып отыруды ешқашан ұмытпауы керек.
Европада адамдар тым қарапайым киінеді. Оларға бастысы — ыңғайлылық. Қазақ қыздарына олар таң қалады. Киімдері де, өздеріне күтімдері де ерекше деп бағалайды. Әр қыздың әдемі болып жүргені әрине өзіне де, өзгелерге де жақсы. Дегенмен, ең бірінші, жүрек сұлулығын жоғалтпау керек. Бұл — мәңгілік жоғалмайтын әдемілік. Тек оны әр адам сақтай, қорғай білуі керек.
Менің үлгі тұтатын тұлғам — әкем. Оның қасиеттерін барынша өз бойымнан да көргім келеді. Әкемнің қарапайымдылығы, туған-туыс, бауырларына қамқорлығы біздің де жақсы адам болып қалыптасуымызға әсер етіп келеді. Үйде бес баламыз. Барлығы кәсіппен айналысады. Менен кейінгі кіші інім өзі қолдан ойыншық жасап, мектепте балаларға сатады екен. Оған қарап, дәл өзімнің бала бейнемді көргендей боламын.
Айдана Омаровадан кеңес:
- Кез келген іске, салаға табандылық қажет. Табыстың кілті осында ғана. Бастаған істі аяқтау керек.
- Нақтылық — жігерді сақтап тұрушы. Менің бүгінгі жетістігімнің негізі сыры осында десем де болады. Түнде ұйқыға жатпас бұрын әр күніме міндетті түрде жоспар жазамын.
- Мектепте құрбыммен «25 жасқа келгенімде, дүкендер желісін ашамын» деп бәстескен едім. Бала күнгі арман болса да, бұл — бүгінде қол жеткізген мақсатым. Өзіңізді армандаудан шектемеңіз.
Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Кік кік кік