Олимпиада формасын таңдайтын комиссияға қандай спортшылар кірді?

Қазақстан құрамасының Париждегі жазғы олимпиадаға киіп баратын формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайнын әзірлеуге арналған ашық конкурс жарияланды. 

Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады. 

Олимпиада формасы екі жұптан тұрады. Әдеттегідей салтанатты рәсімге және жаттығуға арналған киімдер болады. Конкурс кезінде келіп түскен жұмыстарды арнайы комиссия қарап, ортақ шешім қабылдайды. Оған спорт және дене шынықтыру комитеті, Ұлттық олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, БАҚ өкілдері мен танымал спортшылар кіреді. Олардың ішінде Елдос Сметов, Серік Сәпиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмилә Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Әбиба Абужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсынов және тағы басқа спортшылар бар. Комиссия төрағасы – спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек.

Конкурс екі кезеңнен тұрады.

I кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылардың өтінішін, материалын қабылдап, қарайды (2024 жылғы 28 ақпан 20.00-ден 10 наурыз сағат 18.30 дейін).

ІІ кезеңде конкурс жеңімпаздары жарияланады (2024 жылғы 13-15 наурыз аралығы).

Конкурс өткізуге және оған қатысатындар арасындағы түсіндіру жұмыстарына спортты дамыту дирекциясының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Ержан Асқаров жауапты.