Испаниядағы MWC Barcelona 2024 іс-шарасында Huawei компаниясы Advance Intelligence деген көрмесін ұйымдастырды. Онда компания болашақта желінің, бұлтты интеллектінің дамуы үшін бірлесіп әрекет ету мәселесін талқылау үшін жаһандық операторларды, саладағы серіктестерін және пікір көшбасшыларын шақырды. Компанияның мақсаты — барлық саладағы интеллектуал цирфлық технологияны дамыту, салалық экожүйені құру, кәсіпке оң әсерін беріп жатқан 5G циклінің жұмысын жылдамдату, 5.5G дәуіріне дайындалу.

Испанияның Барселона қаласында MWC Barcelona 2024 іс-шарасы өтіп жатыр. Оның басты тақырыбы — 5G желісін жетілдіру және 5.5G желісін іске қосу. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпіріндегі ІТ саласындағы компаниялар барып, өз өнімдерін таныстырып, технологиядағы жетістіктерін көрсетіп жатыр. Олардың қатарында Huawei компаниясы да бар.

Фото: Зарина Алимова

Huawei-дың стенді тұрған 1-залға кіргеніңізде құдды бір интеллектуал цифр әлеміне түскендей боласыз. Өйткені компания шынымен-ақ көрмесін сондай етіп жасаған. Huawei болашақта әлем осы залдағыдай цифрлық инфраструктура, бір-бірімен байланысқан желі мүмкіндіктері біздің өміріміздің барлық сәтінде — күнделікті өмірде де, саладағы қызметімізде де болатынына сенеді.

Фото: Зарина Алимова

Көрмеде Huawei компаниясы адамға, қоғамға, өнеркәсіпке, қоғамдық көлікке арналған бизнес-сценарилерді дайындап қойыпты. Оның бәрі 5.5G, F5.5G және Net5.5G желісімен байланысты. Осылай, компания интеллектуал цифрлық әлемді құру үшін алпауыт операторлармен, өз саласындағы басқа серіктестерімен бірге жұмыс істеуге дайын екенін көрсеткісі келеді.

Huawei
Фото: Зарина Алимова

Huawei компаниясы MWC Barcelona 2024-те telecom foundation саласындағы моделдерін, 5G қолданылып жүрген түрлі технологиясын ұсынды. Мәселен, Huawei Technologies Solutions архитекторы Дмитрий Конаревтың айтуынша, компания 3D Live құрылғысының жақсы жұмыс істеуіне ықпал етіп отыр.

3D-Live. Фото: Зарина Алимова

Бұрын кәдімгі видеоны, фотоны шынайы етіп көру үшін арнайы баскиім киетінсіз, көзілдірік тағатынсыз. Енді мұның еш қажеті жоқ. 3D Live құрылғысының камерасы адам көзінің қарашығын бақылап отырып, бейнені 3D форматта көрсетіп береді. Адам бейнедегі заттың барлық жағын және әр бөлігін анық көре алады, — дейді Дмитрий Конарев.

Дмитрий Конарев. Фото: Зарина Алимова

2023 жылдың соңында дүниежүзі бойынша 5G желісі 300-ден астам рет коммерциялық мақсатта қолданылды. Бүгінде 5G-ді 1,6 миллиард адам қолданып жүр. Осыған қарап 5G желісінің қарқынды дамып жатқанын айтуға болады: белгілі бір уақыт ішінде 5G 4G-ге қарағанда қолданушыларды жеті есе тез жинады. 2023 жылы белгілі бір ұйым Германияның, Аустрияның және Нидерландының негізгі қалаларында желілердің сапасына қатысты тест жүргізді. Нәтижесінде Huawei-дің шешімдерін қолданатын операторлар 1-орын алды.

Оған қоса Huawei 5.5G мен жаңа қолданбалардың жоғарғы талаптарына сай болуы үшін әрі инновация шешімдерін табу үшін әлемдегі жетекші операторлармен, саладағы серіктестерімен бірге жұмыс істеп жүр. Мәселен, компания 5.5G технологиясын тексеруге, оны орнатуға өз үлесін қосты.

Huawei қазірдің өзінде дүниежүзіндегі 20-дан астам операторға 5.5G желісін коммерциялық тұрғыдан тексеруге, тестілеуге көмектесті. Мәселен, Таяу Шығыста 5.5G дамыту бойынша жалпы консенсус пайда болды, Парсы шығанағы Ынтымақтастық Кеңесінің (GCC) барлық алты мүшесі 10Гбит/сағ жылдамдықпен істейтін 5.5G-ді және RedCap және пассив заттардың интернеті сияқты жаңа инкубация қызметтерін сынақтан өткізді.

Қытайдағы үш ірі оператор адамдарға, көліктерге, өнеркәсіпке, үйге арналған қызметтерді зерттеу үшін және үйлерге 5.5G желісін қоса бастады. Гонконгта операторлар C-диапазонында және mmWave жүйесінде 10 Гбит/с жылдамдықта істейтін 5,5G желсін сынап, тексеріп болды. Оған қоса бұл ел 5,5G FWA қызметтерін ұсына бастады.

Фото: Зарина Алимова

MWC Barcelona 2024 іс-шарасының тақырыбы, Huawei компаниясының көтерген мәселесі Қазақстан үшін де өзекті. Сол себепті онда Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов Қазақстан делегациясын бастап барды. Ержан Мейрамовтың айтуынша, елде 5G желісі іске қосылған және бүгінге дейін біраз жетістікке жетіп үлгерген. Мәселен, олар  Қазақстанның республикалық маңызы бар өңірлерінде, аудан орталықтарында 2027 жылға дейін 5G желісін 75%-ке дейін қосуды жоспарлаған. Ал қазір бұл мерзімді 2025 жылға дейін қысқартып отыр.

Іс-шараның биылғы тақырыбы — 5G желісін дамытуды жалғастыру. Оған қоса биыл 5.5G дамыту мәселесіне көбірек назар аударылып отыр. Ал бұл технология жасанды интеллектіге, бұлтты технологияларға негізделген. Меніңше, Қазақстан дүниежүзіндегі басқа елдер сияқты барлық салада осы тренді қолдануы керек. Ендігі біздің мақсатымыз — елде цифрлық инфраструктураны дайындау. Оған қоса осы технологиялардың іске асуы үшін оны реттеп отыратын орта қалыптастырамыз, — дейді Ержан Мейрамов.

Ержан Мейрамов. Фото: Зарина Алимова

Оның айтуынша, жасанды интеллекті болашақта қандай нәтижеге апаратынын дөп басып айту қиын. Дегенмен мемлекеттер қазіргі трендті ескеріп, технологияның жаңа өнімдерін тиімді қолдануы керек әрі қауіпсіздік шараларын ескеруі қажет. Бұл жолда ол 5G, 5.5G желісі көмек тиігізеді деп ойлайды.

Көпшілік арасында 5G желісінің адам денсаулығына зиян екені туралы мәлімдеме да бар. Ержан Мейрамовтың айтуынша, мұндай жалған ақпарат Қазақстанда да, дамыған елдерде де тарап жүр.

Қоғамға 5G желісі туралы фейк-деректерді әшкерелеп, оның тиімді тұстары туралы айту ел үкіметінің, министрліктің, журналистердің мойнында, — дейді ол.

5.5G коммерциялық желісі 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Huawei 5.5G эволюциясын зерттеу үшін дүниежүзіндегі операторлармен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Компания операторлар қызметін тиімді, тұрақты әрі ыңғайлы етіп ұсына алуы үшін интеллектуал желі құруға көмектесетінін жеткізді.