Ақтөбе облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері оңтүстік өңірден есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ақтөбеде қала тұрғыны тізгіндеген Toyota Alphard автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тінту кезінде жүксалғышта өсімдік тектес, жасыл түсті, ерекше иісі бар зат салынған және скотчпен оралған алты полимерлі қап табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат салмағы 57,5 келі марихуана екені анықталды, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Ары қарай жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тағы бір күдікті ұсталды. Оның гаражынан өсімдік тектес заттар бар екі үлкен қара пакет табылып, тәркіленді. Тәркіленген зат салмағы 20 келі болатын марихуана болып шықты.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша, екінші күдікті ұсталған сәтінде есірткілік масаң күйде болған. Жалпы салмағы 77 келіден асатын бұл есірткілерді аталған адамдар өңірге жеткізіп, кейіннен сату мақсатында сақтаған.
Қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау бойынша шаралар жалғасып жатыр. Еске салайық, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған осы қылмыс үшін ұсталғандарға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді, – деді Бақытжан Әмірханов.