Қазақстанда тағы 4 шетелдік университеттің филиалы ашылады

Биыл Қазақстанда тағы төрт шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары ашылады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі  Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министр қазір елімізде мықты шетелдік университеттердің 12 филиалы ашылғанын атап өтті.

Биыл тағы төртеуі ашылады. Біріншісі – Сәтпаев университеті базасында Гонконг қалалық университеті City university of Hong Kong Әлемдік рейтингте 82-ші орында, ТОП-100-ге кіреді, – деді Саясат Нұрбек мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар Алматыда Пенсильвания университетінің филиалы жұмысын бастайды.

Атақты Ташкент ирригация және су ресурстары инженерлері институты бар. Ол кеңес заманында танымал болған, ұлттық аграрлық университет базасында ашылады. Бұған қоса Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті бар, – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр Ресейде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылатынын айтты. Алдын ала уағдаластық бар.