Айнұр Көпбасарова Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл туралы театрдың Instagram парақшасында хабарланды.
Бұған дейін ол Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның бұйрығымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры директорының міндетін атқарушы лауазымына Айнұр Сайлаубайқызы Көпбасарова тағайындалды. Жаңа басшыны театр ұжымына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Шымкентбайұлы Әліқұлов таныстырды. Құттықтау сөз алғандар қатарында опера труппасының көркемдік жетекшісі Болат Салтайұлы Бөкенов ұжым атынан Айнұр Сайлаубайқызына өзінің тілегін білдіре келе, алдағы ісіне сәттілік тіледі, — делінген хабарлама.
Айнұр Сайлаубайқызы Көпбасарова 1975 жылғы 7 ақпанда дүниеге келген. 1996-1999 жылдар аралығында əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аспирантураны, 1995-1996 жылдар аралығында əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын, 1990-1995 жылдар аралығында Жамбыл педагогикалық институтын филология мамандығы бойынша тәмамдаған.
2022 тамызынан бастап «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК-да көркемдік жетекші, 2021-2022 жылдары «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК-да директор, көркемдік жетекші қызметтерін атқарған.
2001-2011 жылдары «Хабар» агенттігі АҚ-да бас продюсер, бас редактор қызметтерін атқарған. 1999-2001 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ көркем аударма жəне əдеби шығармашылық теориясы кафедрасынла оқытушылық қызмет атқарған. «Құрмет» ордені мен Қазақстан президентінің «Алғыс хатын» алып, «ҚР мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталған.