Дана Шүкірбаева – эколог, ESG маманы. ClimateTech бағытындағы, орман егу және оны бақылауға арналған FOREST HERO стартабының негізін қалаушылардың бірі. Біз Данамен FOREST HERO стартабы, Қазақстан ормандары, көміртек нарығы, корпоратив секторының бұл салаға қызығушылығы туралы сөйлестік.

2023 жылғы желтоқсанда Дана БҰҰ-ның климат өзгеруі туралы COP28 конференциясы аясында климат саласындағы кәсіпкер әйелдерге арналған байқауға қатысып, жеңіске жетті. Бұл жетістік оған 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі жүлдемен қоса халықаралық Google Startups Cloud Program бағдарламасы бойынша техникалық қолдау алуға да мүмкіндік берді.

— Қандай да бір бастама туралы сөз қозғағанда, оның мәні, нақты не істелетіні туралы білу маңызды. FOREST HERO деген не? Кез келген адамға бұл стартапты бір ауыз сөзбен қалай түсіндіріп берер едіңіз?

— FOREST HERO аясында біз жауапкершілікті сезіне отырып орман егуге және сол орманды басқаруға арналған платформаны дамытамыз. Ол жасанды зерде негізінде жұмыс істейді.

Жалпы, көп жерде, оның ішінде Қазақстан да бар, орман жобаларының біразы үлкен даңғазамен басталады, жаппай жаңалыққа шығады, бірақ жас ағаштардың әрі қарайғы тағдырына мән беріле бермейді. Ал орман егу — істің басы ғана. Оны әрі қарай жүргізе білу керек: ағаштарға күтім жасау, тұрақты мониториң жүргізу, өсімдіктердің жай-күйін бақылап отыру маңызды.

Әлемдік статистикаға қарайық. Йель университетінің кейінгі зерттеуіне сәйкес, үлкен корпорациялар демеуші болған, Амазония орманын қалпына келтірейік немесе 1 миллиард ағаш егейік деген секілді ауқымды халықаралық жобалардың өзінде бес көшеттің біреуі ғана өсіп-жетіледі екен. Қалған төртеуі сол күйі жерсінбей, үлкен ағаш болып  өспеген күйі қурап қалады. Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас.

Біз, міне, осы мәселені шешуге көмектесеміз. Себебі қате ағаш егетін жерді белгілеген кезде, егілетін ағаш сұрыптарын таңдағанда, еккен соң көшеттерді күтетін кезде жіберіледі. Әрине, барлық ағаш бірдей жерсінбейді – бұл қалыпты дүние. Бірақ дұрыс шара қолданып, жас орманды тұрақты бақылап отыру көп мәселенің алдын алады.

Бұл бағытта ұсынар екі түрлі шешіміміз бар. Біріншісі – ағаш екпей тұрып талдау жүргізу. Демек осы іс үшін таңдалған жерді бағалаймыз, топырақ құрамын зерттей келе қандай ағаш егуге болатыны жайлы ұсынысымызды береміз. Неше ағаш егу керек, оның нешеуі жерсініп кетеді, оған қанша уақыт кетеді деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мұны орманның предиктив талдауы деп атауға болады.

Екінші шешім – егілген орманға мониториң жүргізу. Қазір бұл үшін қандай технология қолайлы бола алады деп ізденіс жасап жатырмыз. Мұндайда ойға бірден IoT-жүйе (Internet of Things – құрал-технологиялармен жабдықталған заттардың өзара немесе сыртқы ортамен мәлімет алмасу жүйесі – ред.ёё), түрлі датчик оралады, бірақ әр ағашқа құрылғы қойып жүру қиын, сол себепті тағы қандай мүмкіндіктер бар екенін зерттеудеміз.

Қысқаша айтқанда, біздің стартап осындай мақсаттарға арналған.

— Техникалық тұрғыдан қалай жұмыс істейсіздер? Ағаш егетін жеріңіз бар ма? Әлде диджитал бастама ретінде осы салада жүрген ұйымдармен серіктесіп, солардың орманына талдау жүргізіп бересіздер ме?

— Әзірге өзіміз орман екпейміз. Себебі қалай дегенде де tech-стартаппыз. Басқаша айтқанда, бізді әкөміртексіздендіру (декарбондау) бағытындағы сервисә деп атауға болады.

Климат пен көміртекке қандай қатысымыз бар екенін тарқатып айтып кетейін. Орман – көмірқышқыл газын (CO2) жұту үшін ең жылдам әрі тиімді тәсілдің бірі. Сондықтан ауа тазартуға мән беретіндер (жекелеген азаматтар ғана емес, заңды тұлғалар, яғни компаниялар бұл мәселеге үлес қоса алады) ағаш егуді жиі қарастырады.

Олардың екі тобы бар. Бірі – өзі тікелей барып орман егетіндер. Екіншісі – көміртек бірлігін сатып алатындар.

Бұл бағыттағы басты құжат – 2020 жылдан бастап атмосферадағы көмірқышқыл газын азайта бастауды көздейтін Париж келісімі. Ол БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы конвенциясы аясында қабылданған.

Париж келісімін әлемнің барлық дерлік елі ратификациялады. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Сол құжат бойынша біздің мемлекет 2060 жылға қарай көміртек тұрғысынан нейтрал болуға тиіс. Ол үшін CO2 бөлуге мүлдем тыйым сала ма, уақытша тоқтата тұра ма, әлде басқадай бір технология ойлап таба ма – әйтеуір, жолын табуымыз керек.

Әрине, мұны 100% орындау мүмкін емес. Себебі мемлекет зиян заттар бөлуге толықтай тыйым салып тастаса, түрлі өндіріс тоқтап, экономика тоқырауға ұшырар еді. Сондықтан арнайы механизмдер ойлап табылған. Соның бірі – көміртек нарығы. Бұл – кәдімгі тауар биржасы. Саны көп. Мұнда көміртек бірлігі сатылады, сатып алынады. Бір көміртек бірлігі СО2-нің бір тоннасына тең. Оны климат жобалары тікелей, сонымен қатар тауар биржасы арқылы сатады.

Көміртек бірлігін сатып алу не үшін керек? Кез келген адамның, ұйымның, елдің қалдыратын көміртек ізі бар. Ол тікелей немесе жанама болуы мүмкін. Мәселен, 10 адам 10 такси жалдап бір жерге жетсе, көбірек із қалдырады, ал бір автобусқа мініп барса, бұл із азырақ болады. Осы орайда әлдебір компанияның өндірісі жылына ауаға 10 мың тонна көмірқышқыл газын бөледі делік. Міне, осы келген зиянның бір бөлігін көміртек бірлігін, мысалы, бес мың тоннасын сатып алу арқылы қайтаруға болады.

Мұнымен тек қазба байлықтарын өндіруші ұйымдар ғана айналыспайды. Шын мәнінде, көміртек бірлігін алғаш болып сатып алған ұйымдар Apple, Microsoft секілді IT-компаниялар болды. Себебі олар табиғатты тікелей ластамаса да, жанама түрде зиян келтіреді, мәселен, дата-орталықтарын салқындату үшін көп су және энергия жұмсайды. Алайда олар өз технологиясын толықтай экологиялық таза етіп жасай алмайды. Сол себепті көміртек бірлігін сатып алу арқылы атмосфераның жақсаруына үлес қосады.

Көміртек бірлігін сату бірінші кезекте осы секілді компанияларға, қаржы нарығына, мемлекеттерге керек. Тағы бір мысал ретінде Жапонияны келтірейін. Бұл ел көміртек бірлігін үлкен көлемде сатып алады. Себебі өндірісі көп, алайда жері аз. Бүкіл аралға ағаш егіп тастауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан басқа мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқан климат жобаларын қолдап, көміртек саудасына жүгінеді.

Көміртек бірлігі саудасы – климаттың өзгеруі әлемдік проблема екенін, бір-бірімізге әсер ететінімізді, Ганада немесе Кенияда орман егуге инвестиция салсаң, жалпы Жердің жағдайын жақсартуға үлес қосатыныңды көрсететін жақсы құрал.

Көміртек нарығы ұзақ уақыт бойы ашық болмай келді. Корпорациялар әлдебір орманды қалпына келтіруге үлкен ақша төлейтін, алайда ол ағаштардың әрі қарайғы күйінің қандай екенін хабарсыз болатын. Әрине, көміртек бірлігі жайдан-жай айтылған сөз емес, жоба расталуы керек, үшінші тараптың бағасы беріледі, аудит жүргізіледі дегендей. Бірақ адами фактор бар жерде қате жіберіледі, мәселен, жоқ дүние бар деп көрсетіліп кетуі мүмкін. Боласа, орман дегеніміз орман емес, кішкентай ғана тоғайшық болып шығады. Яки егілген ағашқа дұрыс күтіп жасалмай, бәрі өліп қалады.

Іле Алатауы, орман, табиғат, ағаш
Көрнекі сурет. Іле Алатауы. Фото: Wikimedia.org

Міне, қазір дамыған елдер, көзі ашық клиенттер осы ашықтықтың жоқтығы проблема екенін түсініп отыр. Нәтижесінде цифрлық технологияларға сұраныс бар. Себебі бұл құрал алыста отырған клиентке орманның орман екенін, оның жағдайы дұрыс екенін растап, дәлелдеп бере алады. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын орман егуге қыруар мемлекеттік қаржы жұмсалатыны, ақшаның көптігінен немесе жердің кеңдігінен емес, бұған дейін еккен ағаштардың дұрыс күтілмей қалуынан. Әрине, бұған қатысты «жерсінбеді», «қыс қатты болды», «білмеймін, осылай болып қалды» деген секілді түрлі сылтау айтылады. Сондықтан біз адами фактор барынша азайса, түрлі қиындықтың алдын алуға мүмкіндік арта түседі, ашықтық жақсарады деп санаймыз.

Сол себепті платформамызды техникалық тұрғыдан машинаны үйрету негізінде жасақтап жатырмыз. Бұл жер телімдерін бағалап, арасынан ең қолайлысын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін хронологиялық мәліметтердің ауқымды базасын қолданамыз, оған ғарыштан түсірілген ақпараттан бастап топырақтың жайы, климат туралы деректерге дейін кіреді. Мына алқапқа мынадай ағаш түрін ексек, оның бәрі қаншалық жерсініп кетеді деп есептейміз.

Қазір осы алгоритм әзірленіп жатыр. Қиын жұмыс. Машинаны үйрету үшін өте көп дерек керек, ал Қазақстанда мұндай мәлімет аз болып шықты. Сол себепті Ресей Федерациясының және Канаданың кей бөлігі, Моңғолия секілді ұқсас климат аймақтарымен салыстырамыз.

Мұның бәрі – біз ұсынатын шешімнің бір бөлігі. Екінші бөлігі тікелей орманға шығуды қарастырады, оған әлі жете қойған жоқпыз. Бұған ағаштарға мониториң жүргізудің түрлі технологиясын тестілеу кіреді. Мәселен, арнайы датчиктер, орманның жағдайын скандайтын камералар секілді түрлі технология бар. Қазір осылардың қайсы дұрыс болады деп жұмыс істеп жатырмыз.

— Бұл салаға қалай келдіңіз? Басқа емес, дәл осы орман мәселесін таңдауыңызға не себеп?

— Мамандығым — эколог. Мәскеу мемлекеттік университетінің география факультетін тәмәмдадым. Осы оқу орнында жүргенде жазғы тәжірибеден өтуге баратын едік. Жер қыртыстарын зерттейсің, ландфаштарды сипаттайсың дегендей. Осының бәрі орман мәселесі секілді түрлі сұрақтың жауабын іздеуге итермелеген болар.

Университетті бітірген соң консалтиңге кеттім. Осы күнге дейін ESG-консалтиңмен айналысамын, яғни компанияларға осы бағыттағы мақсатына қалай жету керек екенін түсіндіремін. Ұзақ уақыт сыртта жүріп, 2021 жылы Қазақстанға оралғанда, бізде көп ұйымның ESG дегеннің не екенін дұрыс түсінбейтінін және оны бір әлеуметтік не қайырымдылық бастамасы деп қана қабылдайтынын көрдім (ESG – қандай да бір компанияның экологиялық, әлеуметтік, басқарушылық проблемаларды шешу үшін қабылдаған шаралары, компанияны басқарудың жиынтық сипаттамасы – ред.). Әрине, түсінік осындай болған соң, оған деген қатынас де сәйкес болады. Жұрт мұның нәтижесі мақала жариялау, пиарлату деп қана түсінеді. Осыны көрген соң не істеуге болады, басқаларды бұл бағытта жұмыс істеуге қалай ынталандырамыз деп іздене бастадық. Серіктесім Руслан (Руслан Жемков – FOREST HERO стартабының негізін қалаушылардың бірі, Green Tech және Climate Tech бағытындағы кәсіпкер, продюсер – ред.) маған көміртек нарығын қарастырып көруді ұсынды.

Дана Шүкірбаева, стартап
Дана Шүкірбаева және Руслан Жемков. Фото: Дана Шүкірбаева

Көміртекті тұтып ұстап қалып отыру секілді кей ұсынысқа онша сене бермеймін, одан да тиімді жолдар бар. Көміртек нарығында «табиғи шешім» (nature based solutions) деген түсінік кездеседі. Ол бойынша бірдеңе ойлап табудың қажеті жоқ, табиғат өзі келістіреді, тек оған көмектесу керек. Сондықтан біздің стартапта орман болуы керек дедім.

Жоғарыда аталған екі бағыттағы шешімге бірден келген жоқпыз. Әуелі нарықты зерттедім. Бір ғана App Store-да ағаш егуге қатысты 30-дан астам қолданба бар екен. Бірақ ешқайсы нақты механизм ұсына алған жоқ. Басқаша айтқанда, Англияда, әлде басқа бір жерде ағаш егеміз, сен тек банк картаңда байлап қой дейді. Ол ақшаның қайда жұмсалатынын, таңдаған ағашымның қай жерде, қалай егетінін білмеймін. Әрі қарай қарастыра келе, көміртек нарығында ашықтық үлкен мәселе екенін түсіндім.

Бұдан кейін орманның жай-күйін болжау мәселесін зерттедім. Мәселен, медицинада аурудың, мұнай-газда әлдебір ақаудың пайда болуын болжауға болады. Ал біздің салада мұндай жоқ екен. Әлемдік университеттердің ғылыми мақалалары бар, бірақ қанша іздесек те, платформа немесе tech бағытындағы шешімді таба алмадық.

Жасанды зерде арқылы осы болжамды жүргізуге болатын шығар деген идеям болады. Сұрастыра келе, Назарбаев университетіндегі Жасанды зерде институтында істейтін Мәдинамен таныстық. Ол қазір біздің командада жүр. Мәдина менің идеямды техникалық тұрғыдан жүзеге асыруға болады деді.

Былтырғы қазан айынан бастап алгоритм әзірлеп жатырмыз. Халықаралық сарапшылардың және мамандардың істі қалай дұрыс бастау керек екені жайлы ақыл-кеңесін алып жүрміз.

— Қазақстанда ағаш егу перспективасы қаншалық? Бізде «Қазақстан шөл және шөлейт аймақтан тұрады, сәйкесінше орман егу қиын» деген түсінік бар секілді. Сол қаншалық рас? Әлемдегі тәжірибе қандай?

Орман егу бағытындағы биотехнологиялар әзірлеу тұрғысынан Қытай алда тұр. Олардың шөлді аймақтарды жасылдандыру үшін атқарған жұмысы керемет. Біз әңгімелескен көп маман Қытайдан асқан ел болған жоқ деген пікірде. Қазір Сауд Арабиясы, Қатар секілді араб елдері де бұл мәселеге мән беріп жатыр.

Жалпы, ағаш егу арзан емес. Жерді жақсылап дайындау керек, арнайы өсірілген көшет сатып алу қажет. Жас ағаштың көтеріліп, «есейіп» кетуіне кемінде үш жыл қажет, осы уақыт бойы күтіп-баптап отыруға тиіссің.

Қазақстанда орман егетін мүмкіндік бар. Солтүстік және Орталық Қазақстанның топырағы сапа тұрғысынан қолайлы, микроэлементтер жетерлік. Тек дұрыс егіп, дұрыс бақса болды. Батыс Қазақстан мен Түркістан облысында да мұндай мүмкіндік бар.

Жеріміз үлкен. Сәйкесінше, біз ел болып қалдыратын көміртек ізін азайтып қана қоймай, көміртек бірлігін басқаларға да сата алатын жағдайдамыз.

— Әңгімеңізге рақмет!