Төтенше жағдайлар министрі қызметіне Шыңғыс Әрінов бекітілді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысының жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, — делінген жарлықта.
Айта кетейік, Шыңғыс Сайранұлы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында «Құқықтану», Азаматтық авиация академиясында «Тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» бойынша білім алған.
2006-2022 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет атқарды.
2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы президентінің өкімімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.
ІІ, ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сонымен қатар Қазақстан Республикасы президентінің атынан алғыс хаттармен марапатталған.