Қазақстанда «Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда» шетел ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салып, шетел ақпарат құралдарының журналистеріне аккредитация бермеу ұсынылып жатыр.
«Масс-медиа туралы» заң жобасына мұндай өзгеріс енгізуді мәжіліс депутаттары Анас Баққожаев пен Никита Шаталов ұсынды.
Baribar.kz тілшісі «Масс-медиа туралы» заң жобасының жұмыс тобына мүше журналистер Есенгүл Кәпқызы мен Қалима Тәжіқұлдан осы ұсыныстың салдары мен нәтижесі туралы сұрады.
Ұсыныс туралы
Депутаттар Анас Баққожаев пен Никита Шаталовтың ұсынысы «Масс-медиа туралы» заңға енсе, «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда» cыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистеріне аккредитация бермеуі мүмкін. Жаңа толықтырулар желіде көп талқыланып, түрлі ой айтылды.
«Масс-медиа туралы» заң жобасына өзгеріс енгізуді ұсынған Никита Шаталов өзгеріс енгізу ел тұтастығы үшін маңызды екенін айтты.
Мәселе біз айтып отырған ұлттық басымдықтар туралы. Аумақтық тұтастыққа қауіп төндіруге қатысты әңгіменің шыққанын білесіздер. Біз (соның) алдын алсақ дейміз, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «Заңнамалық өзгеріс тек ұсыныс сипатында болды және одан қорқатын түк жоқ» деген пікір білдірді.
Бұл ұсыныс жайында «Масс-медиа туралы» заң жобасы жұмыс тобының мүшесі, журналист Қалима Тәжіқұлдың пікірін сұрадық. Ол депутаттардың ұсынысы «екіұдай сезімде қалдырады» дейді. Журналистің айтуынша, бұл заң жобасы сыртқы істер министрлігіне шешім қабылдау құзыретін береді.
Бізге «Шетелдік ақпарат құралдарының Қазақстанда тіркелмей жұмыс істегенін қалайсыңдар ма?» «Бұл ақпараттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін жағдай ғой» деп айтып жатқандар бар. Бұл жерде мәселе аккредитация беруде немесе алып қоюда емес. Мәселе сыртқы істер министрлігінің ұлттық қауіпсіздікке қатер төнсе, бас тарту туралы шешім қабылдау құқына ие болуында болып отыр, – деді ол.
Қалима Тәжіқұлдың пікірінше, сыртқы істер министрлігі — үкіметтің бір құрылымы ғана. Ол шешім шығарып, тыйым салу құзыретіне ие болмауы керек.
Бізде биліктің үш тармағы бар: заң шығарушы билік парламент, орындаушы үкімет пен әкімдіктер және сот билігі. Бұл үш билік бір-бірінен тәуелсіз және тең болуы керек. Бізде сот билігі тұрған кезде сот билігінің шешімінсіз орындаушы билік, яғни сыртқы істер министрлігі өзі тон пішеді. «Мына материал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді» деп шешім шығарады. Сөйтіп, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына тыйым салу құзыретіне ие болайын деп жатыр, — дейді Қалима Тәжіқұл.
«Ұлттық қауіпсіздік деген не?»
Заң жобасының жұмыс тобы мүшелері Есенгүл Кәпқызы мен Қалима Тәжіқұл заң жобасында «Ұлттық қауіпсіздік деген не?» «Ұлттық қауіпсіздікке қандай жағдайда қатер төнеді?» деген сұрақтарға жауап қарастырылмағанына да тоқталды.
Заң жобасына «Ұлттық қауіпсіздікке қандай кезде қауіп төнеді?» деген түсінік енген жоқ. Сондықтан әркім әртүрлі интерпретация жасап алуы мүмкін. Біздің қауіптенетініміз — «Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп жатыр» деген желеумен аккредитацияны нақты, шынайы ақпарат тарататын, үкіметке ұнамайтын (шетелдік — ред.) ақпарат құралдарына бермей қоя ма деген күдік, – дейді журналист Есенгүл Кәпқызы.
Қалима Тәжіқұл заң жобасында ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдың критерилері жоқ екенін айтады.
Бұл жердегі мәселе — қандай материалдың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін/төндірмейтінін анықтайтын критерий заң жобасында жазылмағанында. Материал расымен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірсе, онда шетелдік ақпарат құралының жұмыс істеу/істемеуі туралы шешімді сот шығаруы керек. Сонда сыртқы істер министрлігі материалды «Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санаймыз, бұл БАҚ-тың Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салынғанын қалаймыз» деп сотқа жүгінуіне болар еді. Шынымен қауіп төндіре ме, төндірмей ме – сот айқындайды, – дейді ол.
Ұсыныс қабылданып кетсе не болады?
Біз заң жобасының жұмыс тобына мүше журналистерге «Бұл ұсыныс қабылданып кетсе, оның салдары, нәтижесі қандай болады?» деген сауал қойдық.
Салдары болады, нәтиже болмайды. Бұл ұсыныс қабылданса, сыртқы істер министрлігі шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистеріне аккредитация бермеу құқына ие болады. Оған қоса аккредитация алмаған шетелдік ақпарат құралдары мен журналистерінің кәсіби қызметін істеуге тыйым салу құзыретіне де ие болады. Бастысы сөз еркіндігі жағдайы қиындайды. Сонымен бірге елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарының жабылуына әкеледі. Пропагандалық материалдар үлесі артады, — деп жауап берді Қалима Тәжіқұл.
Есенгүл Кәпқызының пікірінше, ұсыныстың қабылдануы Azattyq сияқты ақпарат құралының ақпарат таратуына кедергі келтіруі мүмкін.
Медиа-қауымдастық «Бұл ұсыныстың қабылданып кетуі «Азаттық» секілді ақпарат құралдарының ақпарат таратуына кедергі келтіруі» мүмкін деген дабыл қағып жатыр. Сыртқы істер министрлігі екі жыл «Азаттықтың» 36 журналисіне аккредитация бермей қойған. Бірақ не үшін бермей қойғанын білмейміз, – деді ол.
Ал сыртқы істер министрлігі жауабында журналистердің «аккредитациясыз жұмыс істеп келгені», сонымен бірге редакцияға «айыппұл салынғанын» алға тартқан.
Сәйкестік VS Сәйкестік емес
Еске салайық, «Масс-медиа туралы» заң жобасына толықтырулар «Азаттық» журналистеріне аккредитация бермеу жалғасып жатқан тұста жарияланды. Сыртқы істер министрлігі «Азаттықтың» 36 журналисін тіркеуден бас тартқан. Бұл жағдай депутаттар ұсынысымен қатар келуі сәйкестік пе?
«Масс-медиа туралы» заңға өзгеріс енгізуді ұсынған мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың сөзіне қарағанда, бұл ұсыныстың «Азаттық» журналистеріне еш қатысы жоқ.
Мен өз позициямды, мандатымды пайдаланып, ұсыныс енгіздім. Жұмысшы топта талқыланды. Ол қатып қалған нәрсе емес қой. Алдағы уақытта комитет қарастырады, кейін пленарлық отырыс болады. Егер басқа депутаттардан қолдау таппаса, менің ұсынысым өтпейді, – деді депутат.
Қалима Тәжіқұл осы туралы «Бұл ұсыныс пен «Азаттық» журналистеріне аккредитация берілмеуінің арасынан байланыс байқалып қалды» деген пікір білдірді.
Қолданыстағы заң бойынша (БАҚ туралы заң — ред.), «Азаттық» журналистерін аккредитациясыз жұмыс істеп жатқаны үшін жауапкершілікке тарта алмайды. Ал Шаталов пен Баққожаев ұсынып отырған бап Масс-медиа туралы заң жобасына енсе, «Азаттық» журналистерін де, басқа шетелдік БАҚ-ты да жауапқа тартуға мүмкіндік туады. Сондықтан бұл ұсыныс пен «Азаттық» журналистеріне аккредитация берілмеуінің арасынан байланыс іздемейін десең де, байланыс байқалып қалады, – дейді ол.
«Азаттық» туралы
Сыртқы істер министрлігінің «Азаттық» радиосының 36 қызметкеріне аккредитация беруден бас тартуы – азаматтық қоғам өкілдерін, саясаттанушылар мен журналистерді, қарапайым адамдарды бей-жай қалдырмады. Желіде «Азаттықты» қолдаушылар да, қарсы пікір айтушылар да табылды.
«Азаттық» радиосы демократиялық құндылықтар мен институттарды дамытуға үлес қосуды негізгі миссия санайды. «Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігін «Азаттықтың» 36 тілшісіне аккредитация беруге шақырды. International Press Institute Қазақстанды шетел БАҚ-тарын аккредитациялау туралы түзетулерден бас тартуға үндеді.
Біз «Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің директоры Төреқұл Дооровқа байланысқа шығып, заң жобасы мен аккредитацияға қатысты пікір білдіруді сұрадық. Бірақ ол «сайттағы жаңалық-мақалалардан артық еш сөз айта алмаймыз» деген жауап қайтарды.
30 қаңтарда «Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігі» Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірді. Арызда өкілдік «Азаттық» тілшілеріне аккредитация бермеген/аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Заң бойынша, тараптарға сот басталмай тұрып бітімге келуге мүмкіндік беріледі. Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Азаттық ісі» бойынша бітімге келуден бас тартты. Бұл туралы 2 ақпан күні Азаттықтың адвокаты Әсел Тоқаева хабарлады.
Қазір ғана бітім бойынша кездесу өтті. Сыртқы істер министрлігі одан бас тартты. Іс сот қарауына жөнелтілді, — деді адвокат.
Істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарайды.