Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы күрес одағының (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық есепте 218 мың қазақстандық тұр, онкологиядан 12 мыңнан астам адам қайтыс болған. Қазақстанда ең көп таралған обырдың түрлері: сүт безі обыры, колоректалдық обыр, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры, — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретінін атап өтті.
Ересектер онкологиялық көмекті республикалық ұйымдар – «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» АҚ, 15 онкологиялық орталық, көпбейінді ауруханалардың жанындағы бес онкологиялық бөлімшеден ала алады.
Сонымен қатар егер пациентте онкологиялық және гематологиялық ауруға күдік туындаса, медициналық-санитариялық алғашқы көмекте пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация және тексеру алуға мүмкіндік беретін «жасыл жол» бағыты енгізілген, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтің үш түрі тегін жүргізіледі, олар емханаларда қолжетімді:
- сүт безі обырына скриниң (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, екі жылда бір рет);
- жатыр мойны обырына скриниң (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, төрт жылда бір рет);
- колоректалдық обырға скриниң (ерлер мен әйелдер 50 жастан 70 жасқа дейін, екі жылда бір рет).
Қатерлі ісік – әлемдегі ең көп таралған және қауіпті аурулардың бірі. Жасушаның қалыптан тыс өсуі мен бөлінуіне байланысты пайда болатын қатерлі ісік әртүрлі органдар мен тіндерге әсер етуі мүмкін.