Мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон ұстауға болмайды. Парламент сенаты кейбір заңнамалық актілерге білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды мақұлдады.
Заңда оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға шектеу қою туралы норма бар. Үзіліс кезінде телефонды ұстауға болады.
Оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға шек қоюды енгізу, тестілеусіз бірінші класқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған, — деді сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы норма да бар.
Жаңа ықшамаудандарда көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде құрылыс жобалау құжаттарында білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің міндетті түрде болуын ескеру туралы нормалар енгізу көзделген.
Бұдан бөлек, арнайы білім беру ұйымдарындағы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өз бетінше өмір сүруге дайындалуына жеке қолдау мен көмек көрсетуге бағытталған тәлімгерлік қызметі енгізіледі.
Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың қызметін лицензиялау тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Осы ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық мамандықтар бойынша қашықтан оқытуға тыйым салынады. Сенат заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.