Қарағанды облысында тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды. Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды. Ауруханаға жатқызылғандардың бірінің жағдайы өте ауыр.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
30 қаңтарда сағат 00.07–де Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентіндегі Әуезов, 8а мекенжайы бойынша екі қабатты, екі кіреберісі бар 12 пәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан № 10 пәтерде жарылыс болды.
Одан кейін пәтердің шатыры, оның қабырғалары мен жабындылары толық опырылып түсті. Жарылыс № 10 пәтерде болған. Бірінші қабатта орналасқан № 7 пәтер мен екінші қабаттағы № 10 пәтердің жалпы ауданы 300 шаршы метр. Жапсарлас орналасқандықтан № 7 пәтерге де қатты зақым тиді, оның қабырғалары да құлаған.
Баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға орнынан облыстағы медициналық мекемелерге бес адам жатқызылған, оның үшеуі бала.
Екі бала амбулаториялық ем алуға жіберілді, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Екі ересек пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда, денесінің 80%-ін күйік шалған. Екінші зардап шегуші — қанағаттанарлық жағдайда. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі, — делінген хабарламада.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жұмысқа 139 адам мен 32 техника жұмылдырылған.