Әдетте, біздің елімізде бала ауырса, шеше шырылдайды. Аурухана мен бейімдеу орталығына баласын сүйреп, жүгіріп жүреді. Ал бұл отбасында әкенің рөлі басымырақ. «Әке мен бала» айдарының кезекті қонағы — жас әке Дарын Әуесхан. 28 жастағы Дарын мен жұбайы Назеркенің екі ұлы бар. Бұл отбасының ерекшелігі — тұңғыш ұлы Байбектің эпилепсиямен ауыратынында және тілінің кеш шығып жатқанында. Baribar.kz редакциясы ерлі-зайыптымен әңгімелесіп қайтты.

«Баламның ұстамасы ұстаған сәті әлі көз алдымда тұр»

Дарын мен Назерке 2017 жылы отау құрған. Екі ұлы бар: бес жасар Байбек және 1 жас 8 айлық Нарұл. Нарұл — кішкентай екеніне қарамастан зерек бала. Балабақшаға барады. Ал Байбектің диагнозына байланысты тілі кеш шығып жатыр, зейіні нашар. Дегенмен ол да жарқын жүзді екен. Бізді бірінші рет көрсе де, жатырқамады.

Байбектің екі айлығында жүрегіне күрделі ота жасалды. Отадан соң дәрігерлер баланың басындағы ми талшықтарының істен шыққанын, салдары болуы мүмкін екенін ескертті. Бір жасында «психикалық функциясы бұзылған» деген диагноз қойды. Кейін эпилепсиясы бар екенін, гипербелсенді екенін білдік. Тыным таппайды. Сол себепті көзден таса қалдырмау керек. Зейіні нашар болған соң, сүрініп-жығылып жүреді. Кеше аяғын қайырып алды, бүгін гипс тағып қойдық. Содан тыныш отыр. Эпилепсия салдарынан тілі де кеш шығып жатыр, — дейді Дарын.

Тұңғыш ұлының денсаулығында кінәрат болған соң, Дарын мен Назеркеге ата-ана рөліндегі алғашқы тәжірибесі қиынға соққан. Екеуі Байбекті емдеу үшін алғашында тек медициналық жағына мән беріп кеткенін айтады. Кейінірек баланың дамуы үшін онымен әңгімелесіп, бірге уақыт өткізіп, тығыз қарым-қатынас орнату керек екенін түсінген.

Дарын мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін (қазір де осы жұмыста — ред.). Мен баламен үйде болдым. Үй шаруасымен айналысып, балаға қарап шаршайтынмын. Оның үстіне Байбектің бірнеше секунд ұстамасы ұстап қалатын. Қатты қорқатынмын. Дарын жұмыста болған соң, ұстамасын көре бермейтін. Кейде сондай кезде қоңырау шалып шақыртып аламын, бірақ ол келгенше басылып қалатын. Өз көзімен көрмейінше, аса түсіне бермеді, — дейді Назерке.

Баласының ұстамасы ұстаған кезін алғаш көргені Дарынның әлі көз алдында тұр. Қатты қорқып қалған. Бұл жағдай енді қайталанбаса екен дейді.

2021 жылғы 24 наурыз. Байбек менің жанымда жатыр. Түнде кенеттен дірілдей бастады. Көзімді ашсам, қол-аяғы қайырылып жатыр екен. Шошып кеттім. Бірден тілін жұтып қоймасы үшін қолымды аузына салдым. Қолымды тістеп тастады. Назеркеге «қасық әкел» дедім, бірақ қолымды қатты тістеп тастағаны сонша, қасықты аузына салуға әлім келмеді. Жүзі қарайып кетті де, талып қалды. «Өліп кетті ме?» деген жаман ойлар келді. Бірден ауруханаға жүгірдік. Аллаға шүкір, дәрігерлер ем-домын жасап, аман қалып қалды. Міне, сол кезде баламды бірінші рет сондай жағдайда көрдім, — дейді әкесі.

Назерке осы күннен бастап Дарынның 180 градусқа өзгергенін айтады. Дарын балаларына, отбасына бұрынғыдан да көбірек көңіл бөле бастаған.

Дарын Әуесхан
Дарын Әуесхан мен Байбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Бала күтімі мен үй шаруасын ердің не әйелдің ісі деп бөлмейміз»

Дарын мен Назерке бала күтімін, үй шаруасын әйелдің, ердің ісі деп бөлмейді. Бір-біріне көмектесіп отырады. Назерке тамақ жасаса, Дарын шаңсорғышпен үйді тазалап шығады. Дарын күндіз жұмыста жүрсе, кешкі уақытын балаларына арнайды. Олармен ойнайды, әңгімелеседі. Байбектің шай-тамағын береді, жуындырады, ойнатады, сөйлеседі, дәрі-дәрмегін береді.

Бұрын Байбектің дәрісін уақытқа қарап мен беретінмін. Ал қазір Дарынның өзі «дәрісін ұмытпайық» деп еске салып отырады, — дейді анасы.

Дарын кішкентайынан балажан. Ал баласымен өткізген уақытын қалыпты нәрсе ретінде айтты. Мұны әрбір әке істеуі керек іс деп біледі. Ерлі-зайыпты «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп есептейді. Сол себепті олар бір-бірінің қолдауын ерекше бағалап отыр.

Өкінішке қарай, бізде «Ер адам үй тірлігіне араласпайды, балаға жақындамайды, ақша тауып келсе болғаны» деген ой бар. Бірақ Дарын — нағыз үлгі тұтуға болатын жар әрі әке. Бұрын көп ашуланатынмын, Байбекті қарап жүріп, шаршап, жылай беретінмін. Ал Дарын балаларға екі есе көңіл бөлгелі, мен де өзгердім. Бұрынғыдай емеспін. Көңілім де көтеріңкі, өзіме ұнайтын іспен де айналыса бастадым. Дарын екеуіміздің қарым-қатынасымыз да балаларымыздың мінез-құлқына әсер етеді деп ойлаймын, — дейді Назерке.

әке мен бала
Дарын Әуесзан мен Байбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Баланың дамуына әке мен баланың қарым-қатынасы маңызды»

Дарын бейімделуге көмектесетін дене тәрбиесінің курсын оқып, үйреніп алған. Арнайы орталықта Байбекке және басқа да ерекше балаларға дамуы үшін түрлі жаттығу жасатып, ойын ойнатады.

Байбек сияқты өте белсенді балаларға велосипед алып беру керек. Бар күшін соған жұмсағаны тиімді. Байбек қазір велосипедті жақсы айдайды. Ал баланың тілі шығуы үшін көбірек сөйлесу керек. Зейіні және есте сақтау қабілеті жақсаруы үшін «Қуырмаш» сияқты ойындарды ойнату қажет. Әрине, бала әп сәтте үйреніп кетпеуі мүмкін. Тіпті мінез көрсетіп, сізді тыңдамай қоюы мүмкін. Мұндайда сабыр сақтаған жөн. Бірде Байбекті баллонды жалға алып, сырғанайтын жерге апардым. Жылап, мінбей қойды. Оны қатты қинамадым, бірақ үйге келіп, шанаға отырғызып, үйреттім. Қазір шананы, сырғанауды жақсы көреді. Сол себепті бастысы —  табанды және сабырлы болу, — дейді ол.

Оның айтуынша, бала ерекше болғаны үшін үйде қамап отыруға да болмайды. Оның да қоғам мүшесі екенін ұмытпау керек.

Дарын орталықтағы ерекше балаларды жаттықтырады және оларға үйде орындауға тапсырма береді. Тапсырмаларды әкесімен бірге орындау керек екенін ескертеді екен. Себебі баланың дамуына әке мен баланың байланысы маңызды.

Балабақшаға, орталыққа баласын ертіп келетін 10 адамның тек екеуі ғана — әкелер. Көбіне шырылдап аналар жүгіріп жүреді. Сол себепті әкелерге балаға берілген тапсырманы бірге орындауы керек екенін айтамын. Дәлел болуы үшін видео түсіріп жіберуін сұраймын. Видеоны Whatsapp-тағы ортақ тобымызға жібереді. Осылай, бір-біріне мотивация береді, — дейді Дарын.

әке мен бала
Дарын Әуесхан мен Байбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дарын қайда барса да, Байбекті өзімен бірге ертіп жүреді. Алғашында оны достары түсінбеген. Кейін олардың да көзқарасы өзгерген.

Достарым әзілдеп «Бір күн баласыз келші», «Назерке хабарласса болды, ұшасың, иә?» дейді. Мен де оларға «Балаларым үшін кез келген уақытта кез келген нәрсені тастап кете беретінімді білесіңдер ғой» деймін. Қазір достарым да Байбекке алаңдап тұрады. Балам екеуімізге қарап «Менің балаларым не істеп жатыр екен?» деп ойлап кетеді, — дейді Дарын.

«Екі ұлымның бауырмал болып өскенін қалаймын»

Дарын Байбекке көбірек көңіл бөліп кететінін мойындайды. Дегенмен өзі екі ұлына бірдей уақыт арнауға тырысады екен. Екеуін бірге ойнатады, бірдей ойын тапсырмаларын береді.

Мысалы, екеуіне де «анау ойыншықты әкел» деп айтам, екеуіне де «секір, ойыншықты құрастыр» деймін. Нарұл Байбекке қарағанда тез істейді. Әрине, кейде Нарұл балалыққа салып, қызғанып қалады. Бірде Байбекті киіндіріп жатсам, аяқкиімін әкеліп «мені де киіндір» деп тұр. Оған бірінші ағасын, кейін оны киіндіретінімді түсіндіремін. Нарұл ақылды. Ағасына көмек керек екенін сезеді. Біз үйреткендей, ағасының қолын ұстап жүреді, Байбекті киіндіріп жатсақ, оның баскиімін, күртесін әкеледі, — дейді әкесі.

отбасы
Дарын Әуесхан, Назерке Төлеген және Байбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дарын отбасында, бала тәрбиесінде бекітілген қағида жоқ екенін айтады. Дегенмен балаларының бауырмал болып өскенін қалайды.

Отбасымызда қатып қалған қағида, ереже жоқ. Дегенмен балаларым бауырмал болса екен деймін. Кішісі ағасын «үлкен» деп құрметтесе, ағасы інісін «кіші» деп ізет көрсетсе деймін. Бізсіз де бір-біріне қамқор болғанын қалаймыз. Оған қоса таңдау құқығын береміз. Өздерін еркін сезінгенін қалаймыз, — дейді ол.

Назерке Дарынның балаларына деген қарым-қатынасы екеуінің арасындағы сыйластықты, махаббатты одан әрі күшейткенін айтады. Ал Дарын тек өзінің емес, әйелінің де өзгергенін байқаған.

Бұрын Таразда тұратын балдызым «Назерке арықтап кетіпсің ғой, түрің әбіржіп кетіпті» деп әзілдейтін. Қазір «Назерке, томпайып, құлпырып қалыпсың» деп айтады, — дейді Дарын.

отбасы
Дарын Әуесхан, Назерке Төлеген және Байбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Байбек ата-анасын тағы қуантты. Баласы түнде дәретке шыққысы келетінін айтқан. Бұрын тек «туалет, туалет» дейтін. Оған қоса Ұзынағаштан Алматыға келе жатқанда анасы өткен сайын оған көрсетіп, таныстыратын Жамбыл Жабаевтың ескерткішін көріп «Жамбыл ата» деген. Бұл — кеш дамып жатқан бала үшін үлкен жетістік.

Дарын бұл ата-ананың баламен тығыз қарым-қатынас орнатқанның арқасы дейді. Оның айтуынша, әрбір ата-ана, оның ішінде әкелер өзінің баласымен жиі уақыт өткізгені дұрыс. Бала мен бала болып ойнаған, сөйлескен жөн. Сонда ғана бала дамиды, отбасында жылы қарым-қатынас орнайды.

***

Тағы оқыңыз:

Кинорежиссер Мұрат Есжан: Біз үшін әр күн — Отбасы күні