Жетісу облысында кадастрлық құны 95 миллион теңгеден асатын 30 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Ақсу ауданында игерілмеген және ұзақ уақыт бойы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 7 мың гектар жер учаскесі анықталды. Барлығы «Күреңбел» ЖШС-ға тиесілі болып шықты.
Сонымен қатар Қаратал және Көксу өзендері арналарының карьерлерінің су қорғау аймағында жер қойнауын пайдаланушыларға заңсыз берілген 75 гектар жер анықталды. Жер қойнауын пайдаланушылар құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндірумен айналысқан, ал су қорғау аймағында тау-кен өндіруге заңмен тікелей тыйым салынған, — деді прокурорлар.
Қадағалау актісі бойынша сот қаулысымен кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта су қорының жерлерін мемлекет меншігіне қайтару шаралары қолға алынды.