Басты бетЖаңалықтарПрезидент үкіметке...

Президент үкіметке зілзала қаупі туралы алдын ала ескерту жүйесін жетілдіруді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сонымен қатар президент бұл жұмыстың нәтижелерін бағалаудың нақты өлшемдерін әзірлеуді және тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

Сейсмологиялық мониториң мен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажет. Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде «смарт-қалалар» құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан еліміздегі ең ірі қала ретінде Алматыға басымдық берген жөн. Білікті сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісіне дайын болуға және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс.

Фото: Ақорда

Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сонымен қатар азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар материалдық резерв жеткілікті болуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді қамтамасыз ету керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар президент ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажет екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма берілді.

Жалпы, тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде жақсарту қажет. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдайлар кезінде барлық салалық құрылым жедел әрекет етіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Дүрбелең мен хаосқа жол бермей, жағдайды тұрақтандырып, апаттың ауыр салдарын мүмкіндігінше жеңілдету үшін дұрыс және уақытылы әрекет ету маңызды.Төтенше жағдайларға сақадай сай болу – үкімет бастаған мемлекеттік органдардың ортақ міндеті, – деді президент.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтты.

Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда, – деді президент.

Сонымен қатар жиында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Алматы әкімі Ерболат Досаев сөз сөйледі.