Дүмпуден кейін Алматыдағы жер үйлерге сұраныс артқан. Небәрі бір күннің ішінде саяжай мен жеке сектордағы баспаналарды тәулігіне жалға алғандардың саны да төрт есеге өсті.
Бұл туралы КТК хабарлады.
Алматыда негізі тәулігіне, айына жалға берілетін баспаналар жетіп-артылады. Ұсыныс көп. Бірақ кейінгі уақытта бұл нарықта сұраныс айтарлықтай мәз болмаған. Бірақ, зілзаладан кейін өзгеріп шыға келген. Өйткені, жоғарғы қабатта зілзаланы әлдеқайда қаттырақ сезген тұрғындар өз үйін жаппай тастап кеткенін көз көрді. Қалтасы қалыңдар түнді өйтіп-бүйтіп өткізіп, бірден жалға берілетін жер үй мен саяжайларды іздеп кетіпті. Сәйкесінше, сұраныс көбейіп, баға да өзгеріске ұшырады, — дейді риелторлар.
КТК мәліметінше, қазір жер үйлер мен төменгі қабаттағы пәтерлердің саудасы қызып тұр.
Сұраныс артқан сайын баға шарықтайды. Бұл заңдылық. Бірақ сол сұраныстың қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды, — делінген хабарламада.