Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қазақстандықтарды үрейленбеуге шақырды.
Министр 23 қаңтарда түнгі сағат 00.09-де эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қырғызстан және Қытай шекарасында жер сілкінісі тіркелгенін айтып өтті.
Сағат 07.00-дегі жедел жағдай бойынша үш сейсмикалық оқиға тіркелді (00.09 сағат, 00.42 және 01.36 сағат). Олар Алматыда – 5, Шымкентте – 2, Жамбыл облысында — 2-3 және Жетісу облысында — 4 балл болып сезілді. Алдын ала мәліметтер бойынша ғимараттар мен құрылыстар бұзылмаған, — деді Сырым Шәріпханов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінде республикалық жедел штаб ашылған.
Осындай штабтар аумақтарда жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтарымен жедел желі телефондары ұйымдастырылды. Сейсмикалық болжау комиссиясының өткізілген отырысына сәйкес Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды. Осыған байланысты өңірлердің тұрғындарынан дүрбелеңге түспеуін және тек ресми дереккөзге сенуін сұраймын, — деді министр.
Еске салайық, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.
Қаланың әр аймағында төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың бәрі жұмыс істеп тұрды.
Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (ҚСМ) сейсмикалық стансалар желісі таңертең Қырғызстан мен Қытай шекарасында бірқатар жер сілкінісін тіркеді.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар депаратментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнгі жер сілкінісі кезінде сиреналар неге қосылмағанын түсіндірді.
Жер сілкінісі салдарынан 23 қаңтар күнгі сағат 03.00-дегі жағдай бойынша сегіз адам зардап шекті.