Алматыда жер сілкінісі салдарынан 23 қаңтар күнгі сағат 03.00-дегі жағдай бойынша сегіз адам зардап шекті. Бұл туралы қаланың денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Олардың барлығы қалалық ауруханаға жеткізілді.
Басқарманың мәліметінше, тұрғын үйлердің 2-ші және 3-ші қабаттан секіріп кеткен үш адам жарақат алды. Медициналық тексерістен кейін екі тұрғын амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшінші науқастың жағдайы ауыр, қазір ол ауруханада жатыр.
Сонымен қатар үйлерінен жүгіріп шыққан бес адам жарақат алды. Барлық қажет медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар да амбулаториялық емдеуге жіберіледі.
Еске салайық, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.
Қаланың әр аймағында төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың бәрі жұмыс істеп тұрды.
Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (ҚСМ) сейсмикалық стансалар желісі таңертең Қырғызстан мен Қытай шекарасында бірқатар жер сілкінісін тіркеді.