Көлік министрлігі жолда өлім-жітімге себеп болатын негізгі себептерді атады.
Министрлікте өткен кездесуде қалааралық және қала маңындағы жолаушылар тасымалы мәселесі кеңінен талқыланды. Жиынға автовокзалдар, көлік компаниялары мен таксопарктердің жүзден астам өкілі қатысты.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде жолдарда заңсыз тасымалдау көлемінің артуымен қатар өлім-жітімнің көрсеткіші де өсіп отыр.
Сондықтан тасымалдау саласындағы тетіктерді реттеп, оның ішінде вокзал шаруашылығының толыққанды жұмыс істеуін жүйелеу қажет, – деді министр.
Қазіргі кезде inDrive және Яндекс такси қызметі кеңінен тарағаннан кейін автостанциялар дағдарысқа түсті. Қазақстанның үш облысында ғана автовокзалдар тиісті деңгейде жұмыс істеп тұр. Ал ресми тасымалдың артықшылығы көп. Соның ішінде салықтарды төлеу, жолаушыларды сақтандыру, жүргізушілерді медициналық куәландыру мен автобустарды рейс алдындағы тексеру шаралары бар. Соған қарамастан, халық заңсыз тасымалдаушыларды таңдайды. Ал олар заң талаптарын орындамайды, қауіпсіздіқ мәселесіне де дұрыс көңіл бөлмейді. Соның салдарынан жол апаттарынан адамдар жиі қайтыс болып жатады.
inDrive және Яндекс жүргізушілері болса, министрге өз уәждерін айтты. Олардың айтуынша, компаниялар шамадан тыс жұмыс жасауға материалдық тұрғыда ынталандырады.
Жүйеде арнайы акциялар туралы хабарламалар жарияланып, оның шарттарына сәйкес, жүргізушілер белгілі бір тапсырыстарды орындағаны үшін жақсы бонустарға ие болады. Мәселен, аптасына жасалған 180 және 300 сапар үшін сыйақы қарастырылған. Бірінші жағдайда шарттарды орындау үшін күн сайын үзіліссіз шамамен 12-13 сағат, ал екіншісінде — 21-22 сағат жұмыс істеу керек. Осындай ынталандырулар мен комиссиялық алым мөлшері жоғары болуына байланысты жүргізушілер қосымша кіріс үшін кәдімгідей бәйге ұйымдастырып, нәтижесінде жол-көлік апаттарының саны арта түседі, — деді жүргізушілер.
Кездесудің нәтижесінде жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру және тасымалдау нарығындағы экономикалық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс қабылданды. Аталған ұсыныстар жақын арада егжей-тегжейлі қаралады.