Әділет министрлігі республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп, Таразда оңтайландырылған атқарушылық өндірісті енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда, айыппұлдың 25%-ке дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады.
Жаңа жоба арқылы ел азаматтары 2 миллиард теңгеге дейін үнемдей алады.
Жүйе алгоритмі мына тәртіппен жұмыс істейді:
1.Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді.
2.Робот бес күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттігі туралы SMS хабарлама жібереді.
3.Айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады.
4.Төлем уақтылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.
Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны бүкіл Қазақстан аумағына енгізу жоспарланып отыр.