Басты бетЖаңалықтарПремьер-министр Қазақстанда...

Премьер-министр Қазақстанда бірыңғай сағат белдеуіне көшу туралы қаулыға қол қойды

Премьер-министр Әлихан Смайылов 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 үкімет қаулысына қол қойды.

«Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының үкіметі қаулысы 20 қаңтарда үкімет сайтына жарияланды.

Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының уақыт пен жиіліктің мемлекеттік бастапқы эталоны ұдайы жүргізетін, сақтайтын әрі беретін уақытты есептеу сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жүргізіледі деп белгіленсін. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдігі 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын, — делінген үкімет қаулысында.

Осы қаулының қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармағын қоспағанда, осы қаулы 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.