Биыл 28 теміржол вокзалына жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, инженерлік жүйелер, кіру топтары, шатыр, жолаушылар платформалары мен басқа да орындар жөнделеді.
Компанияның мәліметінше, жақын арада Астана теміржол вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты жөндеу жүріп жатқан аймаққа кіруге шектеу қойылады. Бірақ вокзал үздіксіз жұмыс істейді. Нысанды пайдалануға беру мерзімі мердігер ұйыммен құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы шарт жасасқаннан кейін белгілі болады.
Ауқымды жаңарту шеңберінде шатырды, қасбетті, вокзал ғимаратының ішін, жолаушылар платформалары мен олардағы құрылыстарды жөндеу жоспарланып отыр. Қолданыстағы дауыс зорайтқыш байланыс жүйелері, бейнебақылау, өрт-күзет дабылы және құлақтандыру құрылғылары да жаңғыртылады. Сонымен қатар инженерлік жүйелерді ауыстыру, вокзалдың іргелес аумағын абаттандыру көзделген. Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде халықтың барлық тобы үшін қолайлы және кедергісіз жүріп-тұруы үшін жағдай жасалады, — делінген хабарламада.