Басты бетЖаңалықтарБұрқасын, көктайғақ:...

Бұрқасын, көктайғақ: 18 қаңтарда ауа райы қандай болады?

18 қаңтарда Қазақстан аумағының басым бөлігінде кең ауқымды антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктері хабарлады.

Елдің тек батыс, солтүстік-батыс, солтүстік аудандарында атмосфералық фронттардың өтуімен ауа райының құбылмалы сипаты болжанады. Онымен жауын-шашын (көбінесе қар), бұрқасын, тұман, көктайғақ, желдің күшеюі күтіледі.

Синоптиктер сегіз өңірде ескерту жариялап отыр.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, солтүстігі мен шығысында тұманды болады.

Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында – тұман, тау асуларында жаяу бұрқасын болжанады. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың тау асуларында екпіні 15-20 м/с құрайды.

Атырау облысында көктайғақ болады. Өңірдің басым аумағында тұман байқалады.

Шымкент қаласында түнде және таңертең кей уақытта тұман күтіледі.

Түнде Маңғыстау облысының батысында, солтүстігі мен шығысында – көктайғақ, батысында, солтүстігі мен орталығында тұман болжанады.

Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстіктен жел соғады, өңірдің оңтүстігі мен батысында екпіні 15-20 м/с құрайды.

Түнде Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, күндіз облыстың шығысы мен солтүстігінде – бұрқасын, өңірдің оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с құрайды.

Алматы облысында Үлкен және Кіші Алматы су алабтарында жауын-шашынның түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін.