2023 жылы 21 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Былтыр Қазақстанға қандастардың жартысы (50,3%) Өзбекстаннан, 21,5% – Қытайдан, 10,2% – Моңғолиядан, 9,2% – Түрікменстаннан, 6,8% – Ресейден және 2% басқа елдерден келген. 2024 жылғы 1 қантардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,9% және зейнеткерлер 8,9% болды, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-і – жоғары білімді, 32,4%-і – орта кәсіби білімді, 44,3%-і – жалпы орта білімді, және 8,3%-інің білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 337 қандас көшірілді, бұл 2023 жылға бекітілген квотаға сәйкес келеді. Осы өңірлерге көшіп барған қандастарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау ұсынылады: отағасына және отбасының әрбір мүшесіне біржолғы 70 АЕК (2023 жылы – 241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (2023 жылы – 51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін).
2023 жылы 2126 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 735 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 2 126 адам біржолғы субсидия алды, ал 694 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар баспана сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына 4 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде көмек беріледі.