Алматыда 1,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды

2023 жылы Алматыда 1 407 этникалық қазақ «қандас» мәртебесіне ие болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифиңде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр Алматыда 1 407 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алды.

Басқарма тарихи отанына келген этникалық қазақтармен «қандас» статусын беру және ұзарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Былтыр 1 407 этникалық қазақ қандас статусын алды, 151 адам мәртебесін тағы бір жылға ұзартты, — деді Бауыржан Жаубасов.

Сонымен бірге шетелде тұратын этникалық қазақтардың туыстарын Қазақстанға көшіру үшін 37 адамға шақырту қағазы берілді.

Басқарманың қызметіне шетелдік білікті қызметкерлерге рұқсат беру, ұзарту функциялары да кіреді. 2023 жылы жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға 1 242 рұқсат берілді, жергілікті бюджетке 738 миллион теңге көлемінде салық алымы төленді, — деді ол.