Басты бетЖаңалықтарАлматының Тереңқұр...

Алматының Тереңқұр тоғанында 50 метрлік сырғанақ салынады

Алматыда халықтың игілігі үшін Тереңқұр демалыс аймағында қысқы тюбингтерге арналған 50 метрлік сырғанақ салынып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, «Снежная слайд» әлеуметтік жобасы жеке қаражат есебінен жүзеге асады.

Бұл үшін күзгі мезгілде тоғаннан су сорылды. Қысқы маусым біткен соң құрылым бөлшектеледі. Басты ерекшелігі –  сырғанақ тоғанда салынғандықтан мұнда шұғыл бұрылыс тәрізді қауіп жоқ. Құрылым 20 градус бұрышта орнатылып, бес арнаға бөлінген, әрқайсысы арнайы тормен қоршалған. Сонымен қатар мәреде тежегіш тор және арнайы жұмсақ қаптар бар, — делінген хабарламада.

Тереңқұр, ауа райы, демалыс, табиғат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сырғанап болған соң демалушылар үрлемелі баллондарды дөң басына өздері әкелмейді, ол үшін арнайы фуникулер бар. Бұл ретте сырғанаққа келушілер қауіпсіздік техникасы бойынша оқудан өткен нұсқаушылардың бақылауында болады. Сонымен қатар кешен аумағындағы террассада қоғамдық тамақтану орындары бар демалыс аймағы ұйымдастырылады.

Ашылуы 15 қаңтарға жоспарланған. Баллонды бір сағатқа жалға алу –  3 мың теңге. Бір рет сырғанау – 500 теңге. Жұмыс кестесі туралы қосымша хабарланады, — делінген хабарламада.