Ұлттық экономика министрлігі Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласы болашақта қалай дамитынын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қаланың жалпы ауданы – 88 мың гектар. Халық саны — 52,7 мың адам.
Президент тапсырмасын іске асыру аясында ұлттық экономика министрлігі Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын әзірледі.
Жоспар бойынша, министрлік Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар халықпен жиын өткізіліп, соның негізінде Алматы облысы мен Іле, Талғар аудандары және Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды.
Жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін модернизациялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағынын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар үкімет арнайы экономикалық аймақ аумағын (АЭА) 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту және G4 City АЭА-ны Alatau АЭА-ға қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі АЭА аумағына жатқызылады.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрлері бойынша экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің 17 атауы негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 12,5 триллион теңгеге 170-тен астам жобаны орналастыру көзделіп отыр.
Болжамды деректер бойынша, АЭА объектілері жобалық қуатына шыққаннан кейін бүкіл кезеңдегі бағаланған жиынтық үлесі 47,3 триллион теңгені, оның ішінде мультипликативтік әсері 17 триллион теңгені құрайды. Мемлекеттік инвестицияның әрбір 1 теңгесіне 3,8 теңге жеке инвестиция тартылады, — делінген хабарламада.