Алматыда қуаты 80 МВт болатын қосалқы электр станциясы салынып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, электрмен жабдықтау саласын модернизациялау үшін 200 мың тұтынушыны қамтитын электр қосалқы станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр.
2024 жылғы қыркүйекте қуаты 80 МВт болатын «Тұзды бастау» қосалқы станцияның құрылысын аяқтау жоспарда. Айта кетейік, сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2040 жылға дейінгі перспективамен Алматының электр желілерін дамытудың 2030 жылға дейінгі сызбасының жобасы әзірленді, — делінген хабарламада.
Оған кабельдік желілерді, трансформаторлық қосалқы станцияларды, жабық тарату құрылғыларын салу және реконструкциялау кіреді.
Алматы мен қалаға қосылған аумақтарды электрмен жабдықтау сызбасын әзірлеу қосымша электр қуатын қосу бойынша тапшылықты жоюға, бас жоспарға сәйкес қаланың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаны іске асырғаннан кейін тозған желілердің азаюына байланысты тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру көзделген. Алматы бойынша электр желілерінің ұзындығы – 8,6 мың км, ал электр желілерінің тозуы 65%, — делінген хабарламада.