Астананың мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқарма басшысының міндетін атқарушы Әнуар Бекжұманов мобайл аударымдар қандай жағдайда тексерілетінін түсіндірді.
Қазір 2022 жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік кірістер комитетіне үш ай қатарынан жеке банктік шоттарына әртүрлі 100 тұлғадан түскен аударымдар туралы ақпарат келіп түсті. Бұдан былай банктер тек белгіленген критериге сай келетін тұлғалардың дерегін әр жыл бойынша беріп отырады. Ал мобайл аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталып отыр. Тек әртүрлі тұлғадан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан көп мобайл аударымдар алған тұлғаларды ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеріледі, — деді Әнуар Бекжұманов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде.
Оның айтуынша, жеке тұлғалар өзінің туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірлік жағдайлар үшін мобайл аударымдарды жасап, қабылдай алады. Мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ.
Осы ретте кәсіпкерлерге төлемді арнайы бизнес шоттарына қабылдау ұсынылады. Кәсіпкерлер төлем карталарымен төлем қабылдаудан бас тартса, алғашында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайта бұзса, 147 680 теңге (40 АЕК) айыппұл салынады (ӘҚБтК 194-бабы). Анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратпен хабарламалар жіберіледі. Салық төлеуші бұзушылықтармен келіссе, ол жеке кәсіпкерді тіркеуге немесе табыстың декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация ұсынуға тиіс. Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспесе, ол бұзушылықтардың жоқ екені туралы түсініктеме және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы, — деді спикер.
Жеке кәсіпкерді тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200%-і мөлшерінде, ал қайталанса, 300% айыппұл салынады. Түбіртек бермегені үшін 15 АЕК-ден 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Әнуар Бекжұманов бұл бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін айтты.
Еске салайық, салық кодексі бойынша Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енді және төрт кезеңде өтеді.
2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайы декларация тапсыра бастады. Онда 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша деректер көрсетіледі.
2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшысы мен құрылтайшысы, сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы, 2025 жылдан бастап азаматтардың қалған санаттары, яғни, елдің барлық ересек тұрғыны декларация тапсырады.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 10 мың АЕК-ден аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Қазақстан аумағынан тыс мүлік — жер учаскелері, үйлер, кеңселер, шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша, Қазақстан аумағынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, бағалы қағаздардың болуы туралы мәліметтер, дебиторлық, кредиторлық берешек, мұнда банктерге және банктерге берешекті қоспағанда, құжат нотариалды куәландырылған болуға тиіс.
Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, банк шоттары сияқты мәліметтер уәкілетті органдарда бар болғандықтан декларацияда көрсетілмейді.