Басты бетЖаңалықтарОлимпиада жүлдегеріне...

Олимпиада жүлдегеріне сыйға берілген пәтер жалдамалы болып шықты

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов сыйға берілген екі бөлмелі пәтерді әлі күнге өз атына рәсімдей алмағанын мәлімдеді.

Бұл туралы 1bol.kz порталы хабарлады.

Токио олимпиадасынан кейін боксшыға сол кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырған. Алайда заңмен бекітілген баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті. Ал жауапты мамандар танымал спортшыны әлі күнге құрғақ уәдемен шығарып салып келеді.

Ол үй жалдау құқығымен рәсімделді. Ал келісім 2022 жылдың соңында аяқталды. Жалпы, әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына үш бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен, облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді. Қазір келіп менен пәтерді босат десе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, берілген үйді мен атыма рәсімдей алмаймын, — дейді Сәкен Бибосынов.

Сәкен Бибосынов БАҚ өкілдері мен спорт қорынан үміт күтетінін айтты.