Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Керман қаласында болған лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Ибрахим Раисиге көңіл айтты.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Керман қаласында болған лаңкестік әрекет салдарынан жүздеген адамның қаза болғаны және жарақат алғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, жақындарынан айырылған азаматтарға, сонымен қатар бүкіл Иран халқына көңіл айтамын, – деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысы бақилық болғандардың жандары жәннатта болуына, ал зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдірді.