Электрондық еңбек биржасына жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде порталда жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерін жарияласа, жұмыс берушілер бос орындар туралы ақпаратты орналастырып отырады. Ал жасанды интеллект барлық ақпаратқа талдау жасап, екі жаққа да тиімді ұсынымдарды жібере алады.
Осы ұсыныс жүйесін әзірлеу кезінде LinkedIn Recruiter іздеу және ұсыныстар жүйесіне ұқсас озық архитектура қолданылды. Жасанды интеллект табиғи тілді өңдеу модельдеріне негізделген. Соның арқасында түйіндеме мен бос жұмыс орындарының мазмұнын жан-жақты талдауға мүмкіндік бар, — деді министрлік мамандары.
Жаңа механизм жұмыс берушілерге қажет кандидаттарды жылдам және нақты іздеуге, ал жұмыс іздеушілерге мансабын жалғастыру үшін қолайлы бос жұмыс орындарын табуға жағдай жасайды. Жасанды интеллект жалақының көлемі, тұрғылықты жері, көшу мүмкіндіктері, дағдылар және тағы басқа параметрлерді ескере отырып, ең тиімді ұсынымдарды шығара алады.