Алматы облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Райымбек ауданындағы мәдениет үйінің құрылысын ерекше бақылауға алды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониториң жүргізіліп жатыр.
Еліміздің барлық өңірі бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңге болатын 156 нысан анықталды. Оның екеуі Алматы облысында орналасқан. Бұл — Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Райымбек ауданы Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы. Сауықтыру кешенінің құрылысына 2019 жылы 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, тапсыру мерзімі 2021 жылғы қаңтарға белгіленген. Ал мәдениет үйіне 2021 жылы 474 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың тамыз айына қойылған. Бүгінде екі нысан бойынша сот процестері жүріп жатыр, — делінген хабарламада.
Антикор өкілдері еріктілермен бірлесіп, осы екі нысанды жіті бақылауда ұстайтындарын атап өтті.