Басты бетЖаңалықтарЖапонияда зілзаладан...

Жапонияда зілзаладан қаза болғандар саны 65-ке жетті

Жапонияның орталығында болып жатқан зілзала құрбандарының саны 65 адамға жетті. Қуаты 7,6 балдық жер сілкінісінің ошағы елдің орталығындағы Ното түбегінде анықталды.

Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

100-ден астам адам түрлі жарақат алған. Қаза болғандар мен жараланғандардың көбі –тоқтамай жатқан жер сілкінісі орталығына айналған Исикава префектурасы тұрғындары.

Зілзала салдарынан ондаған өрт тұтанып, 200-ден астам тұрғын үй күлге айналды, 100-ден астам нысанды жерасты дүмпуі қиратты. Құтқарушылар, жедел қызмет өкілдері мен елдің қорғаныс күші әскері үйінділерді жинап, адамдарды іздеп жатыр. Бүгін таңнан бері зардап шеккен аудандарда жаңбыр тоқтамай тұр, — делінген хабарламада.

Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсимаса Хаясидің мәліметінше, қазіргі уақытта эвакуациялық орталықтарда 32,5 мыңға жуық адам бар.

Жер сілкінісі басталғаннан кейінгі бірінші күндері Жапонияның орталық және батыстағы бөлігінің 60 мыңнан астам тұрғыны үйін тастап кетуге мәжбүр болды.

33 мыңнан астам үй жарықсыз отыр, зардап шеккен аудандарда интернет пен мобайл байланыс нашарлаған. Кей ауылдарда сумен жабдықтау мәселелері туындады.