Басты бетPushПрезидент халықты...

Президент халықты Жаңа жылмен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Жаңа 2024 жылмен құттықтады.

Қадірлі Отандастар!

Бәріміз бір ел болып Жаңа жылды қарсы алып отырмыз. Баршамыз ескі жылды ой елегінен өткіземіз, алдағы жылға жоспар жасап, жаңа мақсат қоямыз. Біз осы сәтте бір-бірімізге ақ тілегімізді арнаймыз, сый-құрмет көрсетеміз. Қасиетті Отанымыздың берекелі бірлігі жұртымыздың осындай тату тірлігінен басталады.

2023 жыл Қазақстан үшін табысы мен тауқыметі қатар келген жыл болды. Өмірде қуаныш пен қиындықтың алма-кезек болуы – заңдылық. Бірақ біз еңсемізді тік ұстап, келешекке әрдайым сеніммен қараймыз.

Биыл жұртымыз Жаңа жылды көптен күткен жағымды жаңалықпен қарсы алуда. Жақында халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Еліміз үшін бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Халық санының өсуі – мықты мемлекет болудың және өркендеудің кепілі. Ал бақытты отбасы – бақуатты елдің арқауы.

Қазақстан стратегиялық бағдары айқын ел ретінде тұрақты дамып келе жатыр. Біз ынтымақ-бірліктің және қажырлы еңбектің арқасында ауқымды іс-шаралар атқардық. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүзеге асырдық. Осылайша, мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдей түстік.

Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары деп жарияладық. Осы бағытта нақты шараларды қабылдауға кірістік. Білім беру және денсаулық сақтау саласында ауқымды жобаларды қолға алдық. Әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін аса маңызды қадам жасадық.

Шетелден миллиардтаған доллар инвестиция тарттық. Соның арқасында елімізге аса қажет өндірістер ашылды. Жұмыс орындары пайда болды. Ел экономикасының басты қозғаушы күші ретінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсететін болдық.

Заңсыз алынған экономикалық активтерді елге қайтару жұмысы жалғасуда. Мемлекетке қайтарылған қаржы көп ұзамай халықтың игілігіне жұмсалатын болды, яғни мектептер салына бастады. Жылдар бойы игерілмей келген миллиондаған гектар жер адал шаруаларға берілетін болды.

Жаңа жыл – әрдайым жаңа міндеттер жүктелетін, жаңа сын-қатерлерді еңсеретін кезең.Біз келесі жылы ұлттың қайта өрлеуінің куәсі боламыз. Мен бұған кәміл сенемін. Алайда бәсекеге қабілетті әрі дамыған ел болу үшін әлі де көп тер төгуіміз қажет.

Жаңа жыл әр шаңыраққа, әр азаматқа қуаныш пен шаттық әкелсін!

Үлкендеріміз аман болсын!

Балалардың арманы орындалсын!

Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Төрт құбыламыз түгел болсын!

Көк туымыз мәңгі желбіресін!

Әнұранымыз шырқала берсін!

Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!