Елордада ел президенті атынан «Жаңа жыл республика төрінде» атты республикалық шырша мерекесі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам бала жиналды.
Шыршаға шақырылған балаларға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хат табыс етілді.
Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және жақсылық жасауға ұмтыл! Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол! Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын! Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!, — деп жазды президент балаларға арналған құттықтауында.
Балалармен бірге шырша шамын жағуға ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
Бүгін өздеріңіз сынды 6 миллионнан астам бала Жаңа жыл мерекесін тойлауда және республикамыздың 20 өңірінен жүздеген бала осы президент шыршасына қатысып, үлкен мерекелі тойды бірге өткізіп жатырмыз. Жалпы сіздер осы үш күн бойы әсем қаламыз Астананың ең көрікті жерлерін араладыңыздар. Оның ішінде тәуелсіздік символына айналған Бәйтерекке де барды деп естіп отырмын. Мемлекет сіздердің бақытты балалық шақты өткізулеріңіз үшін аянбай барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Ендігі жерде, құрметті жас достар, сіздер де сабақтарыңызды беске оқып, саналы тәрбие алып, осы елдің беделді, мықты азаматы болып өсулеріңізге барлық мақсат-мұраттарыңызды арнауға тиіссіздер, — деді оқу-ағарту министрі.