Алматыда «Аяз ата шеруі» басталды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындары ертегі әлемінің кейіпкерлерін қарсы алды. Шеру Абай алаңында басталып, 31 желтоқсанда басты жаңажылдық концерт пен отшашу өтетін «Астана» алаңында аяқталады.
60 Аяз ата келе жатқан 2024 жылмен құттықтап, сыйлықтар мен тәттілер таратып, қала тұрғындары мен қонақтарымен суретке түсіп, ерекше атмосфера қалыптастырды. Аяз ата шеруі екінші жыл қатарынан өткізіліп, Алматыда жақсы жаңа жылдық дәстүрге айналып отыр.
Жаңажылдық қысқы фестиваль аясында Абай мен «Астана» алаңында күн сайын танымал артистердің, live-бэндтер мен диджейлердің концерттері, түрлі балалар байқаулары, аниматорлармен ойындар мен интерактивтер өтеді, — делінген хабарламада.
27-31 желтоқсан аралығында қаланың әр ауданында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен жаңажылдық концерттер өтетіні айтылды.