ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері желтоқсан айының екінші онкүндігінде есірткінің ірі партияларын тәркілей отырып, бірқатар қылмыскерді ұстады.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жамбыл облысында Шу қаласының тұрғыны ұсталды. Оның мал қорасынан жалпы салмағы 111 келі марихуана және үш келі гашиш салынған полипропилен қаптары, сонымен қатар тіркелмеген 12 калибрлі аңшы мылтығы табылды. Күдікті есірткіні Алматыда сатпақ болған, — делінген хабарламада.
Алматы облысының Покровка кентінде 37 жастағы әйел ұсталып, одан 61 грамм мефедрон тәркіленді. Елордалық полицейлер жергілікті тұрғыннан жалпы салмағы 153 грамм болатын мефедрон тәркіледі. Ақтауда бұрын сотталған қала тұрғынынан жеке тінту кезінде және жалға алынған пәтерін тексеру кезінде 225 грамм психотроптық синтетикалық заттар табылып, тәркіленді.
Петропавлда қала тұрғыны құрықталып, одан жеке тінту кезінде және жалға алынған пәтерін тексеру кезінде 351 грамм “альфа-PVP” синтетикалық заты анықталды. Атырау көшелерінің бірінде жергілікті тұрғын ұсталды. Күдіктіні жеке тексеру кезінде және пәтерін тінту кезінде полиция қызметкерлері “альфа-PVP” синтетикалық затын тапты. Есірткінің салмағы 115 грамм болды, — делінген хабарламада.
Желтоқсанның екінші онкүндігінде ІІМ заңсыз айналымнан 150 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі.
ІІМ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді.