Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға, сонымен қатар жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел қауіпсіздік, орнықты даму, климат проблемасы, гуманитарлық байланыс және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақтастық орнатқан.
Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастықты екіжақты қатынастардың негізгі тірегі ретінде атап өтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, соның ішінде инвестиция тарту жөніндегі кеңес қызметі аясында нығайту қажет екенін айтты.
Сонымен қатар кездесуде сауда, көлік, логистика, «жасыл» энергетика, экология, тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларындағы байланыстарды арттыру мүмкіндіктері талқыланды.