БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Қазақстанның Еңбек ері, «Отан», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық Шыңғыс Айтматов және Жамбыл атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан көркемсурет академиясының академигі, жазушы, композитор, өнертанушы, суретші Ілия Жақановты қабылдады.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы белгілі өнертанушыға алғыс айтты. Одан әрі қарай «Атамекен» өнер ордасында Ілия Жақановтың шығармашылығына арналған республикалық «Еділ-Жайық» суретшілер симпозиуымының ашылу салтанаты өтті.
Айта кетейік, Ілия Жақанов 1936 жылғы 6 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында жарық дүниеге келген.
Ол 1959 жылы С. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ал 1959-1963 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған.
Сонымен қатар 1963-1984 жылдар аралығында қазақ КСР министрлер кеңесінің телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеті жүйесінде әдеби редактор, қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор қызметтерін атқарды.